"Өлтіремін деп қорқытты": Қарағандыда 12 жастағы оқушы пышақпен 8 жастағы баланы қуған

Қарағанды қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде өзінің 8 жастағы ұлы бірнеше апта бойы 12 жастағы көрші жасөспірімнің қудалауына ұшырағанын мәлімдеді. Анасының айтуынша, бала тіпті оның артынан пышақпен қуған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің сөзінше, бастапқыда ол баласының шағымдарына аса мән бермеген. Алайда кейін үлкен қызы куә болған оқиғадан соң жағдай өзгерген.
"Менің баламның артынан әлгі бала жүгіріп, өлтіремін деп қорқытты. Құдайға шүкір, жанында үлкен әпкесі болды, біз оны ұстап алдық. Ол пышақпен жүгірді. Біз оны тартып алдық", – деп жазды Қарағанды тұрғыны.
Әйелдің айтуынша, оқиғадан кейін ол полиция шақырған. Алайда оқиға орнына учаскелік полиция қызметкері келген.
"Бізге арыз жазғанмен ештеңе шешілмейді деді. Біреу қаза тапқанын күту керек пе?" – деп наразылық білдірді ол.
Анасының айтуынша, қазір баласы көшеге шығудан қорқады. Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі кәмелетке толмаған баланың пышақпен жүргені туралы хабар полицияға түскенін растады.
Оқыңыз"8 жастағы бала үйіне қайтып келе жатқан кезде, оның бағытына 12 жастағы жасөспірім пышақ ұстап жүгіргені анықталды. Кәмелетке толмағандар көрші болып табылады", – делінген хабарламада.
Полиция жасөспірімнің заңды өкілдерімен бірге бөлімге жеткізілгенін хабарлады. Балалармен және ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологпен жұмыс ұйымдастырылды. Қазіргі мәлімет бойынша, тараптардың бір-біріне шағымы жоқ.
Сондай-ақ полиция ата-аналарға балалардың эмоционалдық жағдайына және агрессия белгілеріне назар аудару қажет екенін ескертті.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек