"Өліп қала жаздады": Алматылық ауруханалар Айдана Меденованың науқас әкесін қабылдаудан бас тартқан
Айдана Меденова басынан өткен ауыр жайтты баяндады. Әнші әкесінің қатты ауырып қалғанын жеткізді. Сөзіне қарағанда, ауыр халде жатқан әкесін ауруханадағылар үйге алып кетуді талап еткен. Ал өзге медициналық мекемелер қабылдаудан бас тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Меденова бұл туралы Instagram парақшасында айтты.
"Анамыз қайтқаннан кейін, әкем қатты күйзеліп, түрлі ауруларға шалдықты. Қант диабеті, қан қысымы. Салдарынан 6 жыл бұрын инсульт алып қалды. Әкем жадын жоғалтып, сөйлей алмай, сал болып қалды. Дәрігерлер мұндай қан құйылған жағдайда науқастардың 99 пайызы өліп қалады, деді", – деп еске алды Меденова.
Әншінің айтуынша, әкесінің миында ісік бар. Ол коронавирус жұқтырып, тіптен әлсіреп қалған. Бұл дерттен айығып шыққанымен, бұрынғы кеселдері асқынып, жағдайы нашарлай түскен.
"Жыл сайын ауруханаға түсетін. Дәрігерлер күресті. Бірақ коронавирус әкемнің ағзасын мүлдем әлсіретіп жіберді. Өліп қала жаздады", – дейді Меденова.
Айдананың әкесінің бір өкпесі толық қабынып, жүрегі үлкейіп кеткен. Аппараттардың көмегімен әрең демалып жатқан әкесін дәрігерлер үйге алып кетуді талап еткен. Сол сәтте әнші не істерін білмегенін айтады.
Өзге ауруханаларға хабарласып, қабылдауды өтінгенімен, диагнозына қарап, қорықса керек, барлығы дерлік бас тартқан.
"Тіпті ауруханалар алуға қорқып тұрғанда, біз оны қалай үйге апарып жатқызып қоямыз? Оны емдеп, аяққа тұрғызу керек қой. Бізді қабылдауға келіскен жалғыз аурухана табылды. Алғысым шексіз", – деп қуанды әнші.
Айдана қазіргі уақытта әкесінің жағдайы бірқалыпты екенін айтты. Ол анасынан айырылып қалғандықтан, әкесі үшін қатты қорыққанын, алайда ештеңе қарамастан мықты болуға тырысып жүргенін жеткізді.
"Жыламауға, күйзелмеуге тырысып, басқа жұмыстарыммен айналысып жүрмін. Себебі бізді ондай жағдайда көрсе, әкеміз сезеді. Ал біз оны әрі қарай өмір сүретініне сендіріп, аяққа тұрғызуымыз керек.
Барлығы жақсы болады. Мен іштей қатты қорқамын. Себебі анамнан айырылып қалған адаммын. Аурухана, ауру дегенде бойымды үрей билейді", – деді Меденова.