Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар баскетболды шексіз жақсы көреді": Қазақстан бойынша балалар негізгі турнирге қалай дайындалып жатыр

баскетбол
Фото: Halyk Bank

Қазір Қазақстан бойынша жүздеген ұл-қыздар маусым айында Астанада өтетін "Үміт кубогы" баскетбол турнирін асыға күтіп жүр. Мұнда олар елдегі ең үздік команда атағы үшін бақ сынасады, бірақ жеңістен басқа оларды әлдеқайда көп нәрсе күтіп тұр: пойызбен саяхат, тәттілер салынған сөмкелер, таңғы асы бар жаңа қонақүйлер – қысқасы, саяхаттағы қызықтар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

 

"Балалар бұл жарысты жыл бойы күтеді"

Петропавлдық баскетбол жаттықтырушысы Наталья Рогозина көптеген жылдар бойы жетім балалармен жұмыс істеп келеді. Halyk Bank пен Баскетбол федерациясының бірлескен жобасы "Халық лигасына" қосылғанына шамамен 20 жылдан асты.

"2018 жылдан бері біздің командамыз Үміт кубогында әрдайым жүлделі орындарды жеңеді. Биыл балақайлар тағы да дайындалып жүр, жеңіске ынтасы зор", – деді Наталья Владимировна.

Ол Петропавлдағы отбасылық типтегі балалар ауылында (жетім балаларға балама күтім жасау түрі ) тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерді "балақайлар" деп еркелетеді. Олардың арасында жетім балалар да, әртүрлі себептермен ата-аналарынан бөлек тұратын балалар да бар.

баскетбол
Фото: Halyk Bank

Наталья Владимировна өз тәрбиеленушілерін бәрінен артық түсінеді. Ол өзі де балалар үйінде өсті, спорт оның өмірінің бір бөлігі болды – алдымен футбол, содан кейін хоккей, кейінірек баскетбол ойнады. Бұл спорт түрлері оны тәртіп пен өзін-өзі бақылауға баулыды, соның арқасында ірі жарыстарда Қазақстанның намысын қорғады. Рогозина спорт болмаса, өмірде үлкен жетістіктерге жету әлдеқайда қиын болар еді деп санайды. Себебі интернатта өскен көптеген балалар жауапкершілік сезімі, шекара қою және әлемге деген сенім сынды маңызды дағдыларды үйренбей, ересек өмірге қадам басуы мүмкін. Ал спорт мұндай дағдыны қалыптастыруға көмектеседі: тәртіпке бағынуға және командалық жұмысқа үйретеді.

баскетбол
Фото: Halyk Bank

 

"Балаларды топты қиын жағдайға тастамауға, жауапкершілікті дамытуға баулу үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Бұл оңай емес. Мен оларды темекі шегу мен ішімдік ішуден аулақ болуға шақырамын, әдетте олар өмірде көп нәрсені көрген. Егер біреу зиянды әдеттерге қызықса, жаттығудан шеттетемін, ал олар үшін бұл ауыр жаза, себебі балалар баскетболға құмар. Уақыт өте келе топпен жұмыс істеу қабілеті дамиды: бір-біріне қолдау көрсетеді және бір-бірін қиын жағдайда тастамауға тырысады. Ал бұл дағдылар өмірде өте пайдалы болады", – деді Рогозина.

Ол аптасына үш рет кешке жаттығу сабағын өткізеді, ал демалыс күндері өз оқушылары мен басқа мектептердің спортшылары арасында турнирлер ұйымдастырады. Қазір оның оқушылары спортқа ерекше мән береді, барлығы "Үміт кубогын" асыға күтеді.

баскетбол
Фото: Halyk Bank

"Үміт кубогы" – Қазақстан бойынша ең үздік командаларды (18 ерлер және 12 әйелдер командасы) біріктіретін жыл сайынғы ұлттық баскетбол турнирі. Ол "Халық лигасы" жобасының аясында өткізіледі.

"Олар бұл жарысты жыл бойы асыға күтеді. Halyk Bank өкілдері оларға жаңа формалар, аяқ киімдер, доптар және барлық жабдықты әкелгенде, төбелері көкке жетеді. Бұл барлығымыз үшін өте маңызды жоба", – дейді Наталья Владимировна.
баскетбол
Фото: Halyk Bank

Оның шәкірті, 15 жастағы Даниил Вигеевич тоғыз жыл баскетбол ойнап келеді. Ол "Үміт кубогына" бірнеше рет қатысты және биылғы турнирді асыға күтуде.

"Бұл ең үздік командалар арасындағы айқас! Қазір біз күнара жаттығып жатырмыз, ал жарыс жақындаған сайын одан да қатты жаттығамыз", – деді ол.

Даниил тек ойындардың өзі емес, сапарға шығу да қызықтыратынын айтты. Балақай әдемі қонақ үйлер мен матч өтетін заманауи ареналарды көруді асыға күтеді.

"Мен үшін Үміт кубогы – шеберлігімді жетілдіріп, әлемді көруге мүмкіндік. Мен баскетбол ойнауды жалғастырғым келеді және кәсіби лигаға, мысалы, АҚШ немесе Польшаға шығуды армандаймын. Мен соған дайындалып жатырмын", – дейді Даниил.
баскетбол
Фото: Halyk Bank

Наталья Владимировнаның шәкірттері көбіне оның ізін жалғастырады: кейбіреулері ұлттық құрамаларда ойнайды, ал біреулері жаттықтырушы болған. Мысалы, оның шәкірті Анатолий Алаш жаттықтырушы болып, Барс баскетбол командасының жетекші ойыншысы болып саналады.

"Халық лигасында менің жолымды жалғастырған жігіттер өте көп. Ең бастысы, олардың ешқайсысы жаман болған жоқ", – деп қорытындылады ол.
баскетбол
Фото: Halyk Bank

 

"Бұл – командалық спорттың жемісі"

Екібастұзда әйелдер командасы жарысқа дайындалып жатыр. Оларды 25 жылдық тәжірибесі бар жаттықтырушы Азамат Әбікеев дайындайды.

"Менің әрбір шәкіртім балалық шағында қандай да бір стрессті бастан кешіргені сөзсіз. Жаттығып бастаған кезде олар бір-біріне ашуланып, агрессия пайда болуы мүмкін. Алаңнан ашуланып кетіп қалатын кездер болады. Бірақ уақыт өте келе олар ұстамды болуға үйренеді. Бұл – көбіне командалық спорттың жемісі", – деді жаттықтырушы.

Ол “Халық лигасындағы” бұрынғы шәкірттерінің әлі де тығыз байланыста екенін айтады: бір-бірімен араласады, кездесіп, бір-бірін қолдайды. Кәсіби спортшы болмаған күннің өзінде спорт олардың өмір жолына әсер етеді.

Үміт кубогы
Фото: Halyk Bank

 

"Спорттағы мансабын жалғастыратындар да баршылық. Мысалы балалар үйінен шыққан Кирилл Сергеевич Кулешов баскетбол ойнауды жалғастырып, қазір ұлдарды жаттықтырады", – деді Әбікеев.

Команда капитаны Сабина Дюсембаева да болашақта жаттықтырушы болуды жоспарлап отыр. Қазір ол 15 жаста. Қыз Әбікеевпен екі жыл бойы жаттығып, жақсы нәтижелер көрсетті. Ол "Үміт кубогына" барынша дайындалып жүр, "Үздік ойыншы" атағын жеңіп алғысы келеді. Бұл турнирде қатысушылар тек жүлделерге ғана емес, жарыс нәтижелері бойынша жеке марапаттар үшін де таласады. Соның ішінде "Үздік ойыншы", "Ең жас ойыншы" және басқа да санаттар бар. Бұл марапат көптеген қатысушыларға өздерін көрсетуге қосымша мотивация береді.

"Мен екі жыл бұрын "Үміт кубогында" болдым, және ол өте керемет өтті! Біз әдемі залда ойнадық, ал кешке командамен Алматыны аралап серуендедік", – деді Сабина.

Баскетбол балалар үшін жай спорт қана емес

Әбікеев тілге тиек еткен Кирилл Кулешов Екібастұздағы “Халық лигасының” ерлер командасын жаттықтырады. Оның айтуынша, балаларды қолдау орталықтарындағы қазіргі оқушыларға көптеген мүмкіндіктер қарастырылған, музыка, бал билері және басқа да спорт түрлері бар, бірақ ол баскетболды ең пайдалы деп санайды.

"Баскетбол балалар үшін жай спорт қана емес, ол өмірде көптеген дағдылар береді, мысалы, бизнес саласында қарым-қатынас орнатуға көмектеседі", – дейді жаттықтырушы.

Кирилл қазір Павлодардағы ұлдар командасымен жұмыс істейді, олар жарысқа дайындалуды бірнеше ай бұрын бастап кетті. Алғашқы күндер оңайға соқпады: балалар келіп, сосын шығып кетті, команданы қайта жинауға тура келді. Бірақ қазір құрам толық. Маусымға қарай жаттығулар қарқынды бола бастайды дейді ол.

Үміт кубогы
Фото: Halyk Bank

"Мен бұл командамен бір жыл ғана жұмыс істедім, сонда да жақсы нәтижеге үміттенемін. Кем дегенде алғашқы ондыққа кіру қажет, өйткені команда бұрын аутсайдерлер қатарында болған", – деді Кулешов.

Кириллдің шәкірті 15 жастағы Артем Довбыш баскетболмен үш жыл айналысып келеді. Осы уақыт ішінде ол ойынды жақсы көріп қана қоймай, сонымен қатар өзіне және мақсаттарына деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.

"Мен алғаш рет келген кезде менде жай ғана энергия және мықтырақ болуға деген ұмтылыс болды. Бірден нәтиже болған жоқ, бірақ уақыт өте келе мен ойынды түсіне бастадым және қызу кірісіп кеттім. Ал қазір команда ретінде өсіп келе жатқанымызды сеземін", – деді Артем.

Артемнің Алматыда өткен 2023 жылғы Үміт кубогы сапары ерекше әсер қалдырған екен.

"Бұл отбасылық саяхат сияқты болды: бәріміз бірге пойызға міндік, әңгімелестік, ойнап-күлдік. Алматыда күнде таңертең жүгіруге шығатынбыз, содан кейін бірге таңғы ас ішеміз. Бұл шынымен де керемет болды. Мен сол жерде бір африкалық спортшымен таныстым, біз әңгімелестік. Мен ағылшын тілін үйреніп жатырмын және өмірде сөйлесіп көру өте қызық болды", – деді Артем.
Үміт кубогы
Фото: Halyk Bank

 

“Халық лигасы” ойыншылар мен жаттықтырушыларды қалай жетілдіреді

Халық лигасының тағы бір павлодарлық жаттықтырушысы Марат Шұғабаев та Кирилл Кулешовты атап өтті. Ол 20 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді және Кулешовты өзінің ең талантты шәкірттерінің бірі деп санайды.

"Кирилл маған 6-сынып оқып жүргенде келді, қазір ол 23 жаста. Адамдар маған Кириллдің жетістігі үшін жиі алғыс айтады, себебі ол өте мықты жаттықтырушы және спортшы болды. Мен Кирилл үшін қуаныштымын. Кирилл жарады, өз бетінше университетке түсті, пәтер жалдап жүр, өз күшімен аяққа тұрды және бірден бірнеше топты жаттықтырады. Кирилл – менің мақтанышым", – деді Шұғабаев.
баскетбол
Фото: Halyk Bank

 

Ол Кулешов әлі де биік белесті бағындырып, болашақта Қазақстан құрамасының бапкері бола алады деп сенеді. Шұғабаевтың айтуынша, оның бұрынғы шәкірттері көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Кейбіреулері АҚШ-қа барып, спортты жалғастырған, ал басқалары жетекші университеттерге түсіп, спорт шебері атағын алды. Бапкер олардың әлеуеті зор екеніне сенімді.

баскетбол
Фото: Halyk Bank

 

 

"Әдетте спорт олардың өмірінің бір бөлігі болып қала береді. Павлодарда көптеген баскетбол алаңдары бар, кейде мен қаланы аралап жүріп, “Халық лигасындағы” бұрынғы шәкірттерімді көремін. Олар қазірдің өзінде ересек, жетістікке жеткен жігіттер, бірақ кешке баскетбол ойнауға шығып, бір-бірімен араласуын тоқтатқан жоқ. Олар шынымен де отбасыға айналады", – деп түсіндіреді Шұғабаев.

Оның айтуынша, барлық бапкер үшін басты ереже – шәкірттерін түсініп, жақсы көру. Шұғабаевтың қазіргі шәкірттері де "Үміт кубогына" дайындалып жатыр: олар барын салып, жаттығып, турнирге дейін күн санауда. Ең үздік он спортшы Астанаға барады, ал бапкер олардың ең жақсы нәтиже көрсететініне үмітті.

Stan.kz
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 14:16