Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экология министрлігі бұралқы жануарларды аулауға бөлінген 3 миллиард теңгенің қайда жұмсалғанын білмейді

жануар
Фото: freepik.com

2025 жылы жергілікті бюджеттерден бұралқы жануарларды аулау мен зарарсыздандыруға 3 миллиард теңге бөлінген. Мұны брифингте Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенаттағы брифингте бұл қаражаттың тиімді жұмсалуын кім бақылайтыны және әкімдіктердің жұмысы қалай қадағаланатыны туралы сұрақ қойылды. Алайда вице-министр бұл бағытпен олардың ведомствосы айналыспайтынын жеткізді. 

“Біз оны бақылай алмаймыз. Бұл құзыретімізге кірмейді. Шығындарды тексеру біздің міндет емес”, – деді вице-министр.

Вице-министрден өңірлердегі тексерістерден кейін қандай заңбұзушылық тіркелгені сұралды. Алайда ол бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

“Оны нақтылау керек. Көптеген өңірлерде тексеріс болғанын және кейбір материалдар жіберілгенін білеміз. Мұны есептерден көріп отырмыз”, – деді ол.

Мән-жай

Бұған дейін Қазақстанда бұралқы жануарларға “таймер” енгізу ұсынылған. Демек жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: қаңғыбас жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі мүмкін.

Экология министрлігі бұл өзгерістерді қазіргі жүйенің тиімсіздігімен түсіндіреді. Олардың айтуынша, жануарлар әлі де топтасып, адамдарға қауіп төндіріп отыр.

Сонымен қатар жаңа түзетулер үй жануарларын міндетті түрде чиптеуді, оларға қатыгездік жасағандар үшін жауапкершілікті күшейтуді және жануарларды өсіруді реттеуді көздейді.

Алайда қоғамда бұл өзгеріспен келіспейтіндер де бар. Жануарларды қорғаушылар мұндай шаралар жануарларды жаппай құртуға әкеледі деп санайды. Олар керісінше, баспаналарды дамыту, иелерге бақылауды күшейту және алдын алу жұмыстарын жақсартуды ұсынады.

Айта кетейік, “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң 2021 жылы қабылданған. Бірақ сарапшылар мен қоғам белсенділері оның көптеген нормалары әлі толық жұмыс істемей отырғанын айтады.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 12:43