"Вьетнам, Египет, Индонезия, Катар": Теңге бағамы тағы 9 елдің валютасына қатысты белгіленеді

Ұлттық банк теңгенің ресми бағамы белгіленетін шетел валюталарының санын көбейтпек. Енді теңге бұрынғы 39 емес, 48 валютаға қатысты есептелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Реттеушінің мәліметінше, бұл құжат қолданыстағы нормаларды жаңартылған заңнамаға сәйкес келтіру мақсатында дайындалған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Салық кодексі, Цифрлық кодексі және "Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы" заң ескерілген.
Негізгі өзгерістердің бірі – теңгенің ресми бағамы белгіленетін шетел валюталарының тізімін кеңейту. Қазіргі уақытта бұл тізімге 39 валюта кіреді. Ал оны 48 валютаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Жобаға сәйкес, тізімге тағы тоғыз елдің ұлттық валюталарын қосу ұсынылады. Олар – Вьетнам, Египет, Израиль, Индонезия, Катар, Моңғолия, Оман, Пәкістан және Румынияның валюталары.
Ұлттық банк бұл шешімнің соңғы бес жылдағы сыртқы сауда айналымын талдау нәтижелеріне, валютамен жүргізілетін төлемдер туралы деректерге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың сұраныстарына сүйене отырып қабылданғанын атап өтті.
Құжат бекітілгеннен кейін теңгенің ресми бағамы халықаралық есеп айырысуларда жиі қолданылатын кеңірек валюта тізбесіне қатысты белгіленетін болады.
Оқыңыз