Президенттің экс-кеңесшісі Ержан Бабақұмаровты өлтірген адамға үкім шықты

Сот бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровты өлтірген астаналық тұрғынға шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі “Адам өлтіру” бойынша кінәлі деп таныды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім осы жылдың 20 ақпанында шығып, күшіне енді.
Ержан Бабақұмаров 2025 жылдың 30 қазанында өлтірілді. Алдын ала тергеу бұрынғы танысымен жанжал төбелеске ұласқанын анықтады. 56 жастағы Бабақұмаров алған жарақаттарынан қаза болды. Іс бойынша 37 жастағы Е.К-есімді азамат күдікті деп танылды.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында Ержан Бабақұмаровтың өлімі бойынша алдын ала тыңдау 26 қаңтарда басталды. Сот жабық өтті.
Іс бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарған судья Айжан Құлбаеваға тапсырылды. Судья марқұм Ержан Бабақұмаровтың кәмелетке толмаған балаларын қорғау үшін сот жабық өткенін түсіндірді.
ОқыңызЕржан Бабақұмаровтың өліміне күдікті бұрын сотты болған. 2025 жылдың сәуірінде ол Астанадағы пәтерінде азаматтық некедегі әйеліне шабуыл жасаған. Ер адам әйелдің бетінен екі рет және қабырғаларынан екі рет ұрған. Нәтижесінде ол орташа дәрежедегі жарақаттар алған, соның ішінде қабырғалары сынған, көз ұялары бүлінген, бас сүйегі мен мұрын қуысы жарақаттары алған.
Ержан Бабақұмаров кім?
Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саясаттану ғылымдарының докторы.
1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеді:
- Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары және Ақпарат және талдау орталығының меңгерушісі;
- Жауапты хатшы және мәдениет және ақпарат вице-министрі;
- Премьер-министр кеңсесі меңгерушісінің орынбасары;
- Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің директоры;
- Президенттің кеңесшісі – Әкімшіліктің талдау және болжау орталығының меңгерушісі.
Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қазанында Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары, президенттің экс-кеңесшісі Ержан Бабақұмаровтың көз жұмғаны белгілі болды. Полицияның мәлімтеніше, Бабақұмаров таныстарымен бірге кеш өткізген. Жиналғандардың арасында жанжал туып, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан алған дене жарақаттарынан Бабақұмаров көз жұмған.