Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында емші келген науқасты тұншықтырып өлтіріп алған

емші науқасыт өлтіріп алды
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Маңғыстау облысында халық емін жасаймын деп науқасты өлтіріп алған емші жазасын сот арқылы жеңілдетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Істі Мұнайлы аудандық соты қарады. Соттың мәліметінше, 49 жастағы әйел Ақтау қаласындағы №1 қалалық емханада медбике болып жұмыс істеген. Оның тиісті білімі мен лицензиясы болмаса да, үйінде "халық емін" жасаумен айналысқан. Сот мәліметінше, 2025 жылғы 26 қарашада сағат 20:30 шамасында Маңғыстау ауылындағы өз үйінде ол келушіні "емдеймін" деп, оның тамағын қолымен қысып қалған. Салдарынан ер адам сол жерде көз жұмған.

Сот Б-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгілеген. Алайда сотталған әйел кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғандықтан, Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаны өтеу кейінге қалдырылған.

Тағайындалған жазаға келіспеген қорғаушылар апелляциялық шағым түсірді. Онда сотталған әйелдің кінәсін толық мойындағаны және жәбірленуші тараптың оны кешіргені атап өтіліп, бас бостандығынан айыруды жеңілірек жазаға ауыстыру сұраған.

“Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келді. Қылмыс ауырлығы жеңіл санатқа жатады. Ал бап санкциясы балама жазаларды қарастырады.

Нәтижесінде апелляциялық саты үкімді жаза бөлігінде өзгертті. Әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Оған уәкілетті органдарды хабардар етпей тұрғылықты жері мен жұмысын өзгертуге, ойын-сауық орындары мен алкоголь қолданылатын жерлерге баруға, сондай-ақ түнгі сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйден шығуға тыйым салынды”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар сот оған емшілікпен айналысуға да тыйым салды.

Stan.kz
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 16:01