"Ешкімнің ол жерде болмағаны жөн": Қайрат Боранбаев тергеу изоляторында болған кезін еске алды

Бизнесмен Қайрат Боранбаев Zamandas подкастында 2022 жылы сотқа тартылған кезін еске алды. Ол QazaqGaz ұлттық компаниясына ресейлік газды қайта сату кезінде 14,5 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған еді. Кейін оның бас бостандығынан айыру жазасы бостандығын шектеумен ауыстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Боранбаев қазір "бақылауда екенін және сот шешіміне байланысты міндеттері бар екенін" атап өтті, сондықтан ол көп сұрақтарға жауап бергісі келмеді.
"Нақты түрмеде отыру деген болған жоқ. Мен тергеу изоляторында болдым. Тергеу изоляторында адвокаттармен кездесу мүмкіндігі бар және т.б. Басты мәселе – сіз жабық кеңістіктесіз. Мен онда көп кітап оқыдым. Өмірімде ешқашан соншалықты көп оқыған емеспін. Біз көп шахмат ойнадық. Бірақ, әрине, ешкімнің ол жерде болмағаны жөн", – деді кәсіпкер.
Боранбаевтың айтуынша, ол кейбір айыпталушылармен байланыста екен. Тіпті олар "Қайраттың" матчтарына қатысқан, тіпті біреуі "Реал Мадридке" қарсы ойынды көрген.
Қайрат Боранбаевтың тергеу изоляторында болған кезінде тағы бір жайт болды. Оның жиені Әбілхан Боранбаев күзетшілерге пара беріп, ағасына телефонын пайдалануға және туған күнін сүйіктісімен бірге тойлауға рұқсат алған. 2023 жылдың қазан айында Әбілхан Боранбаев 4,5 жылға, ал күзетші жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, Қайрат Боранбаевтың "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталғаны туралы жазған едік.
Қайрат Боранбаевтың компаниялары шетелден қайтарылған қаражат есебінен білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Сондай-ақ оның компаниялары мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын "Comfort Hotel Astana" қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берген және оған тиесілі Phystech II мұнай компаниясы мемлекет меншігіне өтті.
Сонымен қатар мемлекет меншігіне сауда ойын-сауық кешенін, жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын және фитнес клубтар желісін қайтарды.
Залалды өтеуіне байланысты сот оның өтінішін қанағаттандырып, Боранбаев түрмеден босатылып, пробациялық бақылауға алынды.
Оқыңыз