«Ол қолдауға зәру адам еді»: Әріптестері Жанар Хамитовамен қоштасты
Небәрі 30 жасында көз жұмған Жанар Хамитовамен өнердегі достары мен әріптестері қоштасып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жанар Хамитованың продюсері болған Сиви Махмуди және басқа да өнер иелері қайғыра көңіл айтып, өз желі парақшаларында жазба қалдырды.
«Бала болып келіп, бала болып кеттің. Аз уақытта бауырыма басып қалған едім. Неге бұлай болды? Жүрегім қарыс айырылды... Әлі де сене алар емеспін. Жаның жәннәтта болсын алтыным! Ата-анаңа қайғырып көңіл айтамын! Сен мәңгі менің кішкентай жап-жарық жұлдызымсың! Бақұл бол! Алла алдыңнан жарылқап мейіріміне бөлесінші!», – деп жазды Сиви Махмуди.
Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан марқұмның туыстары мен достарына көңіл айтты. Ол қоғамдағы әр айтылған сын адамды жан-жақты қысатынын айтып, қазақстандықтарды мейірімді болуға шақырды.
«Әнші Жанар Хамитовадан айырылып қалғанымыз өте өкінішті. Өзін жеке танымасам да, оның отбасылық проблемаларын естігенім бар. Алып-қашпа әңгімелер, неше түрлі пікірлер, қоғамның қысым көрсетуі... Адамға қолдау қажет еді. Тіпті әлеуметтік желіде де. Кейде біз қатыгезбіз, жанымыз ашымайды. Бізге біреудің жеке өміріне қол сұғып, оны талқылап, жағымсыз пікір жазу оңай. Жазасыздар, одан кейін тез ұмытып кетесіздер. Бірақ ол адамның ары қарай сол ауыртпалықпен өмір сүруіне тура келеді. Мейірімді бола білейікші. Қазақстандықтар біз көп емеспіз. Тірі кезімізде бір-бірімізді қолдап, бағалай білейікші! Туған-туыстарына және достарына қайғыра көңіл айтамын. Иманды болсын!», – деп жазды Динара Сәтжан өз Instagram-парақшасында.
Елге бүгін ғана ұшып келген Меруерт Түсіпбаева Жанар Хамитованың енді бұл өмірде жоқ екеніне сенгісі келмеген. Ол азғантай уақыт болса да Жанарды өз қамқорлығына ала білген әнші Сиви Махмудиге рахметін айтты.
"Қазақстанға ұшып келіп,телефонымды қосқанда,сенер-сенбесімді білмей,есім кеткені. Өтірік соқты ма деп те ойладым. Сивиге хабарласып едім. Телефоны өшірулі. Өтірік болса екен. Ғұмырың сонша қысқа болды ма? Жанар қайда жүр екен деп арасында алаңдайтындардың бірі мен едім. Бүгінгі таңғы постым, рейтинг үшін жалынып -жалпайып шақырып алып (Ресейдегі Малаxовтың шоуындағыдай) артынан, қиналған кейіпкерге “реально “көмек беретін бізде арналар бар ма? Жоқ демекпін! Мәселені көрсетеді де, түсірілім біткен соң, қоштаспайды да. Сені қайдан көрдім деп өтіп кетеді. Заман жаман дейміз. Адамдар қатыгез дейміз. Осы заманды жасап-құрастырып отырған өзіміз ғой! Сивиге түн ішінде xабарласып, раxмет айттым, сүрінгенге сүйеу болғаның үшін, Алла берген несібеңмен бөлісе білгенің үшін. Сиви, саған Жанардың тағдырына алаңдап отырған қарапайым қазақ xалқының атынан алғыс айтамын. Біз тым азбыз, сол үшін, бір-бірімізді қолдап-қолпаштан, құрметтеп жүрейікші», – деп жазды қайғыра Меруерт Түсіпбаева желідегі парақшасында.
"Менен кешірім сұрады": Нұржан Керменбаев Жанар Хамитоваға еш реніші жоғын айтты >>>
Әнши Индира Расылхан Жанардың өмірден ерте кеткеніне өкініп, қайғыра жазба қалдырды. Сонымен қатар, әнші Рысбек Аташ та досымен мәңгіге қоштасты.
"Қайғылы оқиға, жанымызға батарлық жағдай болды бұл. Алла алдынан жарылқасын. Тағдырдың сынағына шыдай алмаған бейбақ сіңілім-ай. Өмірдің ғажаптығын білмей кеттің ау?! Өкінгенмен еш шара жоқ. Жаның қиындық көрмесін", - деді әнші Индира Расылхан.
"Жаным досым. Жаның жәннатта болсын. Сағынамыз. Қайғырып көңіл айтамыз", - деп жазды әнші Рысбек Аташ.
Сондай-ақ, белгілі журналист Зарина Мүслім, пародист Асқар Көмекбаев та көңіл айтты.
"Жанар Хамитова өмірден өтті. Алла күнәларын кешірсін деп дұға жасап қояйық бауырлар. Тірі кезімізде бір-бірімізге жақсы сөз айтып, жақсылық жасайықшы. Өмірден өтіп кеткен соң, кешірім сұрап үлгере алмай қалуымыз мүмкін", - дейді пародист Асқар Көмекбаев.
Продюсер Алуа Қонарова, Ерболат Құдайберген де Instagram парақшаларында әншінің өліміне қайғырып көңіл айтқан.
Айта кетсек, бүгін әншінің қайтыс болғаны туралы хабарлаған болатынбыз.