"Әлімжеттік жүйесінің құрбаны": Ақтөбеде өзінен кіші баланы өлтірді деп күдікке ілінген оқушының анасы ұлына ауыр айып тағылғанына наразы
Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында мектептегі әлімжеттіктің салдарынан 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдықов мерт болды. Жағдайға 11-сыныптың екі оқушысы және 10-сыныптың бір оқушысы күдікті деп танылып, тергеу изоляторына қамалған. Редакциямызға ақтөбелік Дәрия Базылбекова хабарласып, 10-сыныпта оқитын ұлы Жансен Маметов мектептегі әлімжеттік жүйесінің құрбаны екенін және құзырлы органдар бар кінәні оған жауып тастамақ екенін айтты. Ол істің объективті болуын талап етеді.
Фото: Freepik.com
Дәрия Базылбекова ауылда оқушылар арасында әлімжеттік баяғыдан етек жайғанын айтады. Сөзінше, бір жыл бұрын 11-сынып 10-сыныпқа тиіскен екен. Әкесі әлімжеттік көрсеткен жасөспірімдердің үстінен түсіп, полицияға шағымданғанын айтады. Алайда іс аяқсыз қалды деп отыр.
Биыл 2 қыркүйекте де 9, 10, 11-сынып оқушылары жиналған. Сондағы әлімжеттіктен 9-сынып оқитын Нұржан Сыдықов қаза болды.
“11-сынып оқушылары бәрін жинады. Олар 10-сыныптағыларға бұйрық беріп, 9-сыныпты тәртіпке келтірсін деген. “9-сынып жүйені әлі түсінбеген, бізбен амандаспайды. Сабаларына келтіріп, ұрыңдар” деген. 9-дың оқушыларын бір қатарға тұрғызып, бәрін кезекпен ұрғызған. 10-сыныптың балалары 9-дағыларды басында төстерінен жай ұрыпты. Содан 11-дің оқушылары ашуланып, 10-сыныптың өзін ұрған. “Біз сендерге осылай ұр дедік пе, неге жай сипалап тұрсыңдар? Көрсетейік сендерге ұрғанды” деп ұрып шыққан. Салдарынан балам төс жарақатын алды. Қорқытып, қайтадан әрқайсысына 9-сыныптың оқушыларын ұрғызып шықты”, – деді күдіктінің анасы.
Сөзінше, 11-сыныптан 5 бала, 10-сыныптан 6 бала және 9-сыныптан 8 бала болған.
“Бірінші бала бәрін ұрып шығады, екіншісі, үшінші және төртіншісі ұрып өтеді. Менің баламның кезегі келгенде бірінші тұрған Нұржан Сыдықов ішін ұстап, ауырыңқырап тұрады. Сол үшін балам оң жақ иығынан ұрған. 3-4 минуттан соң Нұржан құлайды. Бірақ сол кезде есін жоғалтпаған дейді. Балам ауыл дәрігерін іздеп, шақыруға кетеді. Үлкендер 9-сыныптың басқа балаларын қуып жібереді. 103-ке қоңырау шалып, солардың айтуымен жүрек массажын жасаған. Екі қолмен үстінен басқан кезде дұрыс емес жасалды ма деп те ойлаймын”, – деді Жансеннің анасы.
Полицейлер 3 адамды ғана қамауға алған. Жансенге алғашында Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-тармағы “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру” бойынша іс қозғалыпты. Бірақ жәбірленушілердің наразылығынан кейін 99-баптың 2-тармағы “Топпен қасақана адам өлтіру” болып өзгертілген.
Жансеннің анасы 11-сыныптың басқа балалары бостандықта жүргеніне наразы. Сөзінше, осы шуды бастаған, балаларды жинағандар күдікті болуы керек.
“Балаларды жинаған 11-сынып оқушыларының үшеуі бостандықта. 10-сыныптан менің балам ғана қамауда отыр. “Сен ұрғанда құлады” деп кінәні оған итеріп тастамақ. Ол өзі де таяқ жеді, дене жарақатын алды, мұны сот-медициналық сараптама көрсетті. Балам 1 жыл бойы әлімжеттік көріп келе жатқанын айтады”, – деді ол.
Прокуратура мен полиция департаменті де ойға қонымды жауап бермеді дейді.
“Біз жәбірленуші тараптан кешірім сұраймыз және баламды толық кінәсіз деп айтпаймыз, оны ақтап алу ойым жоқ. Әрине, қателік жасады, бірақ қасақана өлтірген жоқ. Алайда әділетсіздікпен ауыр кінә тақпауын сұраймыз. 99-баптың 2-тармағы – өте ауыр бап. Оны қанішер, адамды азаптап өлтіргендерге тағады. Менің балам ондай әрекет жасамады ғой. Олар бәрін 1 адамға жауып, қалғанын тыныш қоя салмақ”, – деді Дәрия Базылбекова.
11-сыныптың екі оқушысына Қылмыстық кодекстің “Бұзақылық” бабы қозғалған.
Stan.kz тілшісі осы іс бойынша полиция департаментінен пікір сұрады.
“Кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қақтығысқа қатысушылардың барлығы анықталып, ұсталды. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.