Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігі жұртшылықты мектепке дайындық кезінде көмек алған балаларды суретке түсірмеуге шақырды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі жұртшылықтан мектептке дайындық барысында қайырымдылық көмек алып жатқан балаларды суретке түсіріп, желіге жарияламауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова мұндай суреттердің бала психологиясына үлкен әсер ететінін жеткізді.

"Көмек беріп, жақсылық жасағанда баланың осал, сезімтал екенін естен шығармауларыңызды өтінемін. Сондықтан, сыйлық алып жатқан баланың суреттерін әлеуметтік желілер мен ғаламторға жарияламауларыңызды сұраймыз. Өкінішке орай, бұл суретті кейбіреулер қудалау құралына айналдыра алады. Мейірімділік жасаңыз, бірақ бұл жақсылықты айғайлап тұрып көрсетпесеңіз де болады", - деді Оспанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Еске салайық, Білім министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық аймақтарында "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясы өткізіліп келеді.

Акция ерекше білім беруді қажет ететін, көп балалы және тұрмысы нашар отбасылардан шыққан, сондай-ақ асыраушысынан айырылған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.

Талқылау