Әнші Айдана Меденова шығармашылығына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: https://www.instagram.com/aidanamedenova_officialpage
Өнерден кеткен танымал әнші Айдана Меденова әлеуметтік желідегі парақшасында шығармашылығына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әнші алдымен Stories-те ойын бөлісіп, оқырмандарын ойландырып қойды.
“Кейінгі уақытта жасаған ең қиын қадамдарымның бірі. Бірақ мен оның дұрыс екенін сезіп тұрмын. Мен өз-өзіммен ұзақ уақыт бойы күрестім. Бүгін мен өзіме шынайы болуды таңдадым. Болды. Біреу түсінеді, біреу әңгіме қылады. Өз еріктеріңіз”, – деп жазды ол.

Әншінің бұл сөздерін оқырмандары әртүрлі түсінді. Жазылушылардың арасында өнер иесі орамалын шешкелі жүр деп қабылдағандар да бар.

Алайда өнер иесі Youtube-желісінде видео жариялап, сахнадан не үшін кеткенін түсіндірді. Айдана Меденованың сөзінше, кейінгі жылдар жары Әлішер Нұржанов екеуіне өте қиын кезең болған. Өйткені екеуі де шығармашылық адамдар, әнші өнерден кеткеннен кейін жаңа бағыттағы жобалар іздеуге тура келген.
“Мен өнерден алшақтағанда өсек-аяң өте көп болды. Көп адам менің сахнадан кетуіме күйеуім себепкер болды, жалпы ол маған “көп дүниеге рұқсат бермейді деп ойлайды екен. Бұл өтірік. Тағы бір себеп, мен әкемді жоғалттым. Сол уақыт аралығында мен көп ойландым, өзгердім. Мұндай жағдай менде екінші рет болып тұр, анамнан айырылған кезде де бірнеше жылға ән айтуды қойған едім. Тіпті енді әншілікке жоламаймын деген шешім қабылдаған едім. Әкем қайтыс болғанда да ұқсас сезімдер болды. Сахнада ән айту мен үшін мереке дегенді білдіреді, ал ішкі жан дүнием күл-талқан болып жатқанда өнер көрсете алмадым. Өнерден кетуімнің хиджабқа қатысы жоқ”, – деді әнші.
Әнші видео соңында келер уақытта сахнаға қайта оралу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
“Мен сахнаға ораламын. Әрине, барлық концерттің бәріне бірдей қатыспаймын. Өзіме жақын, керек форматта, мүмкін ұзату тойларда, мемлекеттік концерттерде өнер көрсетемін. Шығармашылығымды жалғастырамын”, – деді ол.
Айта кетейік, Айдана Меденова "КешYou" тобының бұрынғы мүшесі. Әнші 2015 жылғы ақпанда бес жылдық келісімшарт аяқталғаннан кейін топтан кетіп, сол жылы Әлішер Нұржанов есімді продюсер жігітке тұрмысқа шықты.
Ал 2023 жылғы қаңтарда басына орамал тағып, хиджаб кие бастағанын жария етті.
Еске салайық, бұған дейін әнші Айдана Меденова блогерлерге оранғаны үшін ақша төлейді деген әңгімені жоққа шығарғаны хабарланған еді.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік