"Жүрегім сезеді – балаларым тірі”: Қазақстандық әйел 38 жыл бұрын босанған егіз қыздарын дәрігерлер шетелге сатып жіберді деп күдіктенеді
Фото: Фарида Батырбаеваның Facebook желісінен
Алматылық Фарида Батырбаева 38 жыл бұрын өлі туды делінген егіз қыздарын әлі күнге дейін іздеп жүр. Ол сәбилерінің шетелге сатылып кеткенінен күдіктенеді. Себебі дәрігерлер оны жүктіліктің 8 айлығында жедел босандырып, кейін сәбилерінің шетінегенін айтқан. Алайда кейін олар босанғаны мен егіздердің өлімі туралы құжатты дереу жойып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
25 жылдан кейін АҚШ-тан келген қыз биологиялық қазақ ата-анасын тапқан оқиғадан соң, тағы бір қазақстандық әйел көптен көмек сұрады. Фарида Батырбаева оқиғасын Facebook желісінде жазды. Айтуынша, жағдай 1987 жылы Алматы облысы, Қапшағай қаласының перзентханасында болған.
“Мен бұл ауыртпалықпен 38 жыл өмір сүріп келемін. Ол кезде Қазан қаласына диплом қорғауға барғанмын. Ондағы дәрігерлер ішімдегі сәбилердің егіз болуы мүмкін екенін айтты. Қапшағайдағы дәрігерлеріге тексерту керек екенін ескертті. Келген соң, мұндағыладан егізді тексеру үшін Алматыға УДЗ-ге жіберулерін өтіндім. Бірақ олар бас тартып, маған "көпсулы жүктілік" деген диагноз қойды. "Бала ауытқумен яғни миы жоқ, алты саусақты болуы мүмкін. Сол себепті, жүктілікті тоқтатамыз" деп ашық айтты. Мені бірден ауруханаға жатқызып, толғақ шақыратын екпе салды”, – деп баяндады келіншек.
Фарида босану процесін тұман ішінде өткендей сезгенін жеткізді. Айтуынша, сәбилерді де өзіне көрсетпеген, тек олардың қыз екенін айтып, алып кеткен. Одан бөлек, анасы сол кезде егіздерінің жылаған дауысын да естіген екен.
“Сосын қатты айқайлап, мені УДЗ-ге жібермегеніне, сенбегеніне дәрігерлерді кінәладым. Одан кейін есімде ештеңе жоқ, сірә, олар мені ұйықтатып тастады. Сол түні маған гарнизондағы солдаттар мен офицерлер қан құйған екен. Менің қаным сирек, бірінші топ, резус-теріс.
Кейін түнде бір мейірбике палатаға айқайлап кіріп келгенде есімді жидым. Шамасы ол бұл бөлімде менің жатқанымды білмей, демалуға кірген сияқты. Мен қанға малынып жатқан едім. Ол мені танып қойды, өйткені күйеулеріміз бір бөлімде жұмыс істейтін. Дереу дабыл қағып, күйеуім қызмет ететін әскери бөлімге хабарласты”, – деп қосты ол.
“Медбике менің құжаттарымның жойылғанын, тіпті босанбағанымды айтты”
Екі күннен кейін, бір апталық еңбекке жарамсыз парағын беріп, Фариданы үйге шығарған. Алайда оның жағдайы бір аптадан кейін де жақсармай, ауруханалық комиссияға барған.
“Сол күні Ким есімді бас дәрігердің орынбасары қабылдады. Менің жағдайымды тыңдаған соң, перзентхана меңгерушісін шақырып, құжаттарымды сұратты. Алайда құжат жоқ болып шықты. Меңгеруші менің көзімше, оларды жойғанын, тіпті менің мүлде босанбағанымды айтты. Сосын Ким онымен жеке сөйлесті. Одан кейін маған 60 күндік еңбекке жарамсыз парағын жазып берді. Сол кезде перзентхананың бас дәрігері – Шаяхметов Николай Абдрахманович еді.
Бұдан соң, екі ай бойы дерлік төсек тартып жаттым. Үлкен апайым Воркутадан ұшып келіп, маған қарады. Себебі сол кезде ұлым үш жаста ғана еді”, – деді ол.
“Тек алтыншы күні еш құжатсыз, сәбилердің денесін қорапқа салып берді”
Фарида шетінеген сәбилердің денесін тек алтыншы күні, ешқандай құжатсыз күйеуіне қорапқа салып бергенін алға тартты.
“Күйеуім "қораптағы шақалақтарды" теміржол маңайына жерлепті. Өйткені ресми жерлеуге қажетті құжаттар болмады. Кейін ол бұл тақырыпты ешқашан қозғамады. Бәлкім дәрігерлерге сеніп, мені қорғай алмағаны, балаларды құтқара алмағаны үшін өзін де кінәлі санаған шығар. Қазір біз ажырасып кеткенбіз. Бірақ қажет болса, ол көмектесіп, жерлеу орнын көрсете алады. Із қалса ДНҚ жасатуға мүмкіндік болар еді. Соңғы 10-15 жылда, осындай оқиғалар интернетте тарай бастағанда, мен де ақпарат іздей бастадым. "Жди меня" бағдарламасына да жүгіндім. Жүрегім сезеді – балаларым тірі”, – деп жазды ол.
Фариданың айтуынша егіздерін сатып жіберуі әбден мүмкін. Себебі босанғаны туралы құжаттың жойылуы, сәбилерінің шетінегені (өлімі) туралы ресми құжат бермеуі, тіпті олардың денесін тек алты күн өткен соң жіберуі күдік тудырады екен.
“Бас дәрігерлер де босану дерегін жасыруға тырысқан. Достар, сосын "неге үнсіз қалдың", "неге іздемедің", "күйеуің қайда қарады" деп мені кінәламаңыздар. Ол кезде біз небәрі 25 жаста едік. Ешқандай интернет, ақпарат, құқықтық білім болмады. Дәрігерлерге өзімізден артық сенетінбіз.
Ал қазір заман өзгерді. Егер кімде-кім осы істе ақпарат берсе, қол ұшын созса өмірімнің соңына дейін алғысымды білдіремін. Бәлкім, құқық қорғау органдары көмектесіп қалар? Мүмкін, балаларым да өз ата-анасын іздеп жүрген шығар”, – деп қорытты ол.
Әйел көпшіліктен 1987 жылғы 15–20 шілде аралығындағы Қапшағай перзентханасының мұрағатынан деректермен бөлісуді сұрады.
Еске салсақ, Батыс Қазақстанда АҚШ-тан келген ару 25 жылдан соң ата-анасымен қауышқаны туралы хабарлаған едік.

Министр Нұртілеуді ұстады деп жалған ақпарат таратқан Orda.kz құрылтайшысы кім және оны қандай жаза күтіп тұр?
