Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бразилияның Сыртқы істер министрі Қазақстанға келіп Тоқаевтың қабылдауында болды

Бразилияның Сыртқы істер министрі Тоқаевтың қабылдауында
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилияның Сыртқы істер министрі Мауро Виейраны қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент Бразилия Қазақстанның Латын Америкасындағы басты серіктестерінің бірі екенін айтты.

“Сіздің Қазақстанға сапарыңыз дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Бұл екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға тың серпін беретініне сенімдімін. Елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатыр. Сізбен бірге үлкен іскерлік делегация келді. Бұл Қазақстанмен ықпалдастықты ілгерілетуге аса жауапкершілікпен қарайтындарыңызды көрсетеді”, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Президент Лула да Сильваға ізгі сәлемі мен ыстық ықыласын жолдап, елімізге сапармен келуге шақырды.

Ал Мауро Виейра Қазақстанға Бразилия президентінің арнайы тапсырмасымен келгенін айтып, екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік көп екенін жеткізді.

Кездесуде энергетика, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект және тау-кен саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және БҰҰ реформасы мәселелері сөз болды.

 Тоқаев халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыз болу және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына жол бермеу бағытында елдердің бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін айтты. Сонымен қатар кездесуде БҰҰ жүйесін реформалау және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдай талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан атом энергиясын тек бейбіт мақсатта және МАГАТЭ бақылауымен пайдалануға дайын екенін тағы да растады.

Кездесуде Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласында халықаралық деңгейде сенімге ие ел екені айтылды. Сондай-ақ елде ядролық материалдарды қауіпсіз пайдалануға қажетті инфрақұрылым мен ғылыми база қалыптасқаны атап өтілді.

МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкі де Қазақстан аумағында орналасқан.

Тоқаев Қазақстан Иранның ядролық мәселесін шешуге көмектесуге дайын екенін айтты. Бірақ ол үшін халықаралық келісім қажет екенін де жеткізді.

Stan.kz
Дүйсенбі, 11 Мамыр, 2026 18:51