Өскемен қаласында ауада хлор көлемі артқан: Тұрғындарға респиратор кию ұсынылды

Фото: pixabay.com
Шығыс Қазақстан облысы экология департаменті Өскемен титан-магний комбинаты ("ҚК ТМК"АҚ) ауданында атмосфералық ауадағы хлордың жоғары мөлшерін тіркеді. Талдау нәтижелері осы қауіпті химиялық элемент шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткенін көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
19 мамырда өнеркәсіптік аймаққа жақын жерде қатты түтін мен жағымсыз иіс тарағаны туралы ақпарат желілерде тарала бастады. Кейін экологтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері ауаның ластану деңгейін анықтау үшін сонда барды. Сарапшылар хлордың қалыптан тыс құрамының болуын растады. Сол себепті уақытша сақтық шараларын енгізуге шақырды.
"Экология департаменті жағдайды бақылауды жалғастырып жатыр. Зиян заттардың рұқсат етілген шекті концентрациясының асып кету фактісі бойынша қолданыстағы экологиялық заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылданады", – деп нақтылады ведомство.
Қала әкімдігі бұл жағдай халыққа қауіп төндірмейтінін хабарлады. Алайда сақтық мақсатында тұрғындарға, әсіресе балаларға, қарттарға және тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар азаматтарға көшеде болуды шектеуді ұсынды.
Сондай-ақ мынадай шараларды қабылдауды ескертті:
– терезелер мен есіктерді мықтап жабу;
– сыртқа шыққанда дымқыл шүберекті немесе респираторды қолдану;
– жалпы уытты әсерді азайту үшін көбірек су ішу;
– ашық ауада физикалық белсенділіктен аулақ болу.