Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Толған блогерлер, атаға орын табылмады": Астанада әскери шеруді көруге келген ардагерлерді шараға кіргізбей қойған (видео)

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Астанада 7 мамырда Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери шеруді көруге жиналған ардагерлерді кіргізбей тұрған видео тарады. Желі қолданушылары есесіне блогерлердің соңғы қатарда отырып шеруді тамашалағандарын айтып, қапаланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Күзетте тұрған әскерилер жиналған тұрғындардың өтінішіне қарамастан шеру көруге келген ардагерді ішке кіргізбей қойды. 

“Мен соғыс ардагерімін, Еңбек ардагерімін, 67 жыл нейрохируг болып қызмет еттім. Мені кіргізбей жатыр. Шындық қайда? Масқара”, – деп қапаланды ардагер.

Шеруден тыс қалып қойған Қазақстанның тұңғыш нейрохирургі Теңдік Изақов екен.

Мұны көрген желі қолданушылары қариядан ұят болғанын айтып, ардагерлерсіз әскери шеру өткізудің мәні жоғын жеткізді.

“Өкпесі қара қазандай шығар. Ол кім үшін соғысты?”, “Атаны жібермей тұрса, ондай шерудің керегі не?”, “Парадта бүкіл блогер отырды. Ал мұнда ардагерді кіргізбей тұр”, “Динара Сәтжан күйеуімен төрде отырды. Атаға орын табылмай қалды ма?”, “Толған блогерлер, масқара. Сонда шеру кім үшін?”, “Атадан ұят болды”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Болған жағдайға қатысты пікір алу мақсатында Stan.kz тілшісі Қорғаныс министрлігіне жүгінді. Алайда министрлік кіру жүйесіне жауап бермейтінін айтты.

“Қорғаныс министрлігі әскери шерудің ұйымдастыруына ғана жауапты. Кіру жүйесіне және ардагерлердің тізіміне біз жауап бермейміз”, – деді ведомстводағылар.

Араға уақыт салып әкімдік жанындағы басқарма басшылары ардагермен жеке кездесіп, болған жағдай үшін кешірім сұрағанын мәлімдеді.

“Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб пен Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл ардагері, профессор Теңдік Изақов және оның отбасымен кездесіп, оның көпжылдық ерлік еңбегі үшін алғыстарын білдіріп, 7 мамырдағы парад өткізілген жерде трибунаға кіре алмағаны үшін кешірім сұрады. Іс-шара аумағына өту арнайы тізім бойынша жүзеге асырылған. Орын саны шектеулі болғандықтан және ардагерлердің жасы ескеріліп, тізім тек ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей келіп түскен өтініштер негізінде жасақталған. Алайда парадқа еліміздің барлық өңірінен келген ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысқан. Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түспеген. Астана әкімдігі болған жағдай үшін Теңдік Изақов пен оның туыстарынан шын жүректен кешірім сұрайды”, – деп түсіндірді Астана әкімдігі.

Фото: Астана әкімдігі

Теңдік Изақов 9 мамырда өтетін салтанатты гүл қою рәсіміне арнайы шақырылды.

Теңдік Изақов – қазақтан шыққан алғашқы нейрохирург, Еңбек ардагері. Ғалым Алматыда тұңғыш рет нейрохирургия курсын ұйымдастырып, ми ісіктері мен жарақаттарының алдын алу тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізген. 67 жыл нейрохирург болып қызмет еткен ардагер бүгінде 97 жаста.

STAN.KZ
Бейсенбі, 08 Мамыр, 2025 12:54
Талқылау