Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында әкімдік жоғары лауазымды шенеуніктің әкесін жерлеу үшін жолды жауып тастаған (видео)

Жетісу облысында жоғары лауазымды шенеуніктің әкесін жерлеу рәсіміне орай тас жол жуылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Аталған жағдай 16 наурызда Талдықорған-Үштөбе тас жолында болған. Бұл оқиға кептелісте қалған жолаушылардың ашуын тудырды. Кейіннен олардың бұрынғы қаржы министрі, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың әкесін жерлейтіні анықталды. Жергілікті билік қол астындағы адамдарға жедел түрде тас жолды ретке келтіруді тапсырған екен.



Бұдан бөлек бірнеше коммуналдық қызмет көлігі зират басына жетіп, қиыршық тастарды түсіріп, арнайы техникалар жолды тегістеген. Сосын сағат бір жарым шамасында тас жолда көлік қозғалысы толығымен шектелген. Министрлер кортежі мен оған ілескен шенеуніктер өтіп кеткенше жүргізушілер бір сағаттан астам күтіп тұрған. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл зиратта жерлеу рәсімдері үнемі өткізіледі. Бірақ ешқашан жолды бұлай жапқан емес дейді. 

Жағдайға қатысты Жетісу облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

"16 наурыз күні сағат 14:00 шамасында Еңбек ауылы маңындағы зират басында марқұмды жерлеу рәсімі өтті. Оған 500-ден аса көлікпен келген 2 мыңнан астам адам қатысты. Көлік қозғалысының көптігінен жолда кептеліс болды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігі үшін тас жолға полицияның жол диспетчерлері қойылды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Сенатор зираттарды жекешелендіруге тыйым салуды ұсынған еді. 

Талқылау