Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сот әпкемнің өліміне бесеуінің қатысы жоқ деп шешті": Ақтауда бір топ ер адам азаптаған қыздың інісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді 

Ақтауда бір топ ер адам қызды көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлеген. Кейіннен жәбірленуші өз-өзіне қол салған. Жағдайдың қалай болғанын марқұмның інісі Stan.kz ақпарат агенттігіне айтып берді. 

Фото: Марқұмның інісінің жеке дерекқорынан

Марқұм Алина 1994 жылы туған. Өмірін спортқа арнап, фитнес-жаттықтырушы болып жұмыс істеп, 5 уақыт намаз оқыған.

Марқұмның інісінің айтуынша, оқиға болған күні күдіктілер әпкесін есірткі тасымалдаушы деп ойлап, көлікке күштеп отырғызған. 

“Бұл жағдай өткен жылы 14 мамырдан 15 мамырға қараған түні болды. Күдікті 4 адам (Нұргелді, Мерей, Жалғас, Дархан) телефондарын ломбардқа өткізіп мефедрон сатып алып, оны қаланың бір жерінен өздері қазып алады. Сосын Маңғыстау сауда ойын-сауық кешенінің алдында отырып, көлік ішінде мефедронды иіскейді. Сосын жолдың арғы бетінде өтіп бара жатқан әпкемді көреді. Бір-біріне есірткі тасымалдаушы өтіп бара жатыр деп айтады. Өзара келісіп, екі күдіктіге “ұстап әкеліңдер” деген тапсырма береді. Олар әпкемнің кетіп бара жатқан жеріне келіп, төртеуі бірлесіп, көшенің қақ ортасында ұрып-соғып, қинап, көлікке күштеп отырғызады. Екеуі екі қапталында отырса, біреуі рульді басқарып, төртіншісі екінші көлікпен соңынан еріп отырған. Көлік ішінде әпкемді ұрып, басынан соғып, телефонын тартып алып, сөмкесін ақтарған. Басын төмен қаратып, жан-жағыңа қарасаң өлесің деп қорқытып, қаланы аралап жүрген”, – дейді марқұмның інісі.  

Фото: Марқұмның інісінің жеке дерекқорынан

Марқұм Алинаның інісінің айтуынша, төрт күдіктінің бірі Сейтқалиев Нұргелді тағы бір қатысушы Аманқос Еркебұланды шақырған. Оған “Есірткі тасымалдаушыны ұстап алдық, бір жерде кездесіп, сөйлесейік” деген. 

“Саяжайға барып бесеуі кездеседі. Бесеуі алдын ала сыртта сөйлесіп, Сейтқалиев Нұргелді әпкем отырған көлікке мініп, соққыға жыққан. “Айтқанымды орындамасаң, өлтіремін” деп қорқытқан. Сосын "жалаңаш ер адам артқы жағына банка тығып жатқан" видеоны соңына дейін көруге мәжбүрлеген. “Қарамасаң, тыр жалаңаш сыртқа шығарып, төртеуіне беріп жіберіп, видеоға түсіремін. Сосын оны әке-шешеңе жіберемін. Сондай абырой керек пе саған?” деген. Сейтқалиев Нұргелді әпкеме мефедрон иіскетіп, көлік ішінде зорлаған. Ал осы сәтте қалған төрт күдікті көлік сыртында болған”, – дейді марқұмның інісі.

Сондай-ақ ол күдіктілердің әпкесін таң атқанға дейін жанармай бекетінде қамап ұстағанын айтты.

“Көлік ішінде әпкемді әбден азаптаған соң жанармай құю бекетіне алып кетеді. Бізден құтылғың келсе, ақша бер дейді де, атынан Kaspi Bank-тен несие рәсімдейді. Ақшаны қолма-қол алу үшін таң атқанын күтеді. Көзін байлап жанармай құю бекетінің бір бөлмесінде қамап ұстайды. Таң атқан соң "Сак" базарына барып, таныстарынан 2 миллион теңге алады. Сосын әпкемді үй маңайына әкеліп, “Болған жағдайды ата-анаңа жеткізсең, видеоларыңды жақындарыңа көрсетіп, әке-шешеңді өлтіріп кетеміз” деп айтқан”, – дейді марқұмның інісі.

Марқұмның інісінің сөзінше, әпкесі үйге жеткен соң бар жағдайды құрбысына баяндаған.  

“18 мамыр күні әпкемнің құрбысы хабарласып, үйге кел бірдеңе айтамын деді. Сосын үйіне барсам, оның көзінің айналасы көгеріп кеткен. Не болғанын сұрадым. Болған жайтты айтып берді. Сосын әпкемді ұстаған жерді тауып, қатысы бар-ау деген адамды ұстап, суретін жібердім. “Осы адам, оны жіберіп алма” деп айтты. Сосын әпкеме арыз жазу керегін, соңына дейін жетіп, бәрін жазалайтынымды жеткіздім. Оған тергеу және сот кезінде жанында болатынымды айттым. Әпкем келіскендей болған. Бірақ кешке қарай құрбысы әпкемнен айырылып қалғанымызды айтты”, – дейді ол.

Марқұмның інісі кейін бар жағдайды полицияға хабарлаған. Құқық қорғау органдары жедел жұмыс істеп, екі күнде барлық күдіктіні қолға түсіріпті. Тергеу кезінде айыпталушылар Алинаны жігіт деп ойлағанын жеткізген. 

“Төрт айыпталушы басты кінәлі ретінде Сейтқалиев Нұргелдіні көрсетті. Ал ол тергеу кезінде мефедронды бірінші рет қабылдағанын, ештеңе есінде жоғын айтты. Тіпті өз кінәсін мойындамады. Ал қалған төртеуі болған жайттың бәрін баяндады”, – дейді марқұмның інісі. 

Сондай-ақ ол жақында қалалық сот өткенін, алайда сот айыпталушыларға дұрыс шешім шығармағанын жеткізді. 

“Жақында қалалық сот өтті. Сот үкімі бойынша мемлекеттік айыптаушы Сейтқалиев Нұргелдіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын, қалған төртеуіне 15-16 жыл сұрады. Бірақ сот өз үкімінде, әпкең балконнан оқиға өткен үш күннен соң өзі секіріп кетті. Бұлардың жасаған іс-әрекеттері өлімге байланыссыз дегендей қылды. Адамды көлікке күштеп отырғызу, ұрлау, ұрып-соғу, қорқыту, мәжбүрлеп есірткі иіскету, зорлау актілерінің дәлелдері бар. Өзіне қол жұмсауға итермелеуге тікелей бесеуінің қатысы бар дегенді экспертиза дәлелдеп берсе де, бұлар болған жоқ деп отыр”, – дейді марқұмның інісі.

Марқұмның інісінің айтуынша, сот Нұргелдіні 20 жылға, қалған төртеуін 7-8 жылға соттаймыз деп үкім шығарып берген. Үкім 19 желтоқсанда шыққан. Жәбірленуші тарап 5 қаңтарда сотқа аппеляциялық шағым түсіріпті. Енді аппелициялық сотты күтіп отырмыз дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда бір топ ер адам қызды көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарағаны туралы жазған едік. 

Талқылау