Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам өзгелермен дос болғаны үшін ақша алып, қалай байығанын айтты

Жапония тұрғыны Сэдзи Моримото жалғыз адамдарға дос болу қызметін сату арқылы байыды. Ол өзінің ерекше карьерасын қалай бастағанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан скрин

Дрю Пинскиге берген сұхбатында достық қызметімен кәсіби айналысатын Сэдзи Моримото адамдармен уақыт өткізіп, ақша алатынын айтты.

Бір кездесуге 14 мың йен (шамамен 45 мың теңге) алады. 40 жастағы Моримотоның жылдық табысы шамамен – 11,4 миллион йен (шамамен 37 миллион теңге). Жұмыс істеген жылдары Моримото танымал болып, Токионың аңызына айналған. Ол сериал мен комикс серияларына шабыт берген. Сондай-ақ өзінің автобиографиялық кітабын жариялады.

Моримотоның айтуынша, клиенттерінің өтініштері тіпті оғаш көрінсе де, қызмет көрсетуден сирек бас тартады екен. Тек жыныстық қатынасқа түсу мен поп-музыка концерттеріне бару туралы сұраныстардан ғана бас тартатын көрінеді.

Моримото түрлі клиенттерге тап болғанын жеткізді. Айтуынша бірде оны әйел адам шақырып, көз алдында қағаз жей бастаған. Тағы бір әйел достық үшін ақы төлеп, кейін бірнеше сағат бойы күйеуінің танысу сайттарындағы жасырын профилін іздеген. Ал Моримото оларға жай қарап отырған.



Моримото ағылшынша сөйлей алмайды, бірақ кейде британиялық және америкалық туристер оны жалдап, олардың сөздерін түсінетіндей болып көрінуін сұрайды екен.

Жапонияда Моримотоны үлгі тұтқан адамдар пайда болды. Бірақ олардың ешқайсысы оның жетістігіне жете алмады. Моримото кәсіби дос және ұяң, интроверт адам. Ол айқын харизмаға ие, бірақ сөйлесуге тақырыпты бірінші бастамайды. 

Моримотоның қызметтері мазасыздық пен әлеуметтік оқшауланудан зардап шегетін жалғыз адамдар үшін өте маңызды. Себебі Жапонияда мұндай хәлде жүргендер көп. 

Талқылау