Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күдіктілер куәгерге айналып кеткен": Қызылорда облысында әлімжеттіктің кесірінен қаза тапқан 15 жастағы баланың жақындары әділдік іздейді

Қызылорда облысы, Кеңес ауылында 15 жастағы жасөспірімге өзінен 9 жас үлкен жігіттер әлімжеттік көрсеткен. Қатты соққының салдарынан мектеп оқушысы жан тапсырған. Марқұмның ата-анасы кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қорқатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Оқиға 21 тамызда болған. Ауыл шетіндегі сайға Айбек есімді бала 30 адамды жинаған. Сосын мектеп оқушылары мен ересектер арасында кикілжің болып, соққының салдарынан Абдул-Азиз есімді бала көз жұмған. Марқұмның әкесі Медеу Арыстанбеков ұлының жалғыз адамның ұрғанынан қаза тапқанына сенбей, әділдік іздейді. Қылмыс болған түні ұсталған күдіктілердің әп-сәтте куәгерге айналғанын түсіне алмайтынын жеткізді.

“Баламның досы айтты “мені 8 рет ұрды, Абдул-Азизды 8 рет ұрды. Мен дем ала алмай отырып қалдым, сен дем ала тұр деп Абдул-Азизды ұрды” дейді. Сол кезде менің балам артқа қарай құлапты. Қазір жанында болған екі бала бостандықта жүр. Бір бала ғана істі мойнына алды. Екеуі бастан-аяқ істің басында жүріп, күдіктіден куәгерге айналып кетті”, – деді марқұмның әкесі. 

Марқұмның әпкесі Аружан Күзенбайдың сөзінше, күдіктілер әлі күнге дейін ұсталмаған, бостандықта жүр. 

“Күдіктілер Әлішер Сержан мен Нұрғасыр Бектөреевтің соңында ықпалды адамдар бар деп ойлаймын. Олар қылмыс құрамында болғанымен бостандықта жүр“, – деді марқұмның әпкесі.

Марқұмның әкесі Медеу Арыстанбеков ұлының қазасын кімнен естігенін айтты. 

“Негізі Астана қаласында 15 күндік ауысыммен жұмыс істеймін. 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні Балқаштың тұсында пойызбен кетіп бара жатқанмын. Мектептен директордың орынбасары хабарласып, “тез ауруханаға келе аласыз ба, балаңыздың жарақаты ауыр” деп айтты. Сосын қызыма хабарласып, барып көруін сұрадым. Қызым атасы мен әжесін ертіп ауруханаға барса, балам жан тапсырған екен”, – деді марқұмның әкесі.

Марқұмның әкесінің сөзінше, тергеуші баласының бір ұрғаннан қаза тапқанын айтқан. 

“Жаназасын өткіздік, арада 10 күн өткен соң тергеуші Жаңақорғанға шақырды. Тергеуші “балаңыз бір ұрғаннан өліп қалыпты” дейді. Өзі спортпен айналысатын бала, қалай бір соққыдан өледі. Адам сенбейді ғой оған. Қызым баламның денесін суретке түсіріп алыпты. Көкірек жағы көгеріп кеткен. Сопақтау заттың ізі бар. Ол бір ұрғаннан түсетін зат емес. Экспертиза баланың бір ұрғаннан жүрегі жарылып өлгенін көрсетіп тұр. Балам қаза тапқан күні оны ауылдың шетіне 2000 жылғы жігіттер алып шыққан. Сол жерге 2000 жылғыдан 2010 жылғы балаларға дейін жинапты. Баламды не себепті ұрды, қалай ұрды сұрайын деп үйіне барсақ ата-анасы баласын үйінен шығармайды, аузын ашқызбайды. Оқиға болатын күні баламның сыныптасының үйіне 2000 жылғы жігіт барып, бүгін кешке міндетті түрде шығыңдар деген. Бұл алдын ала жоспарланған қылмыс”, – деді марқұмның әкесі. 

“Қызым сол күні не жағдай болғанын баламның сыныптасынан сұрастырыпты. Бірақ ол бала, “айтайын, бірақ менің айтқанымды ешкім білмесінші” депті. Ол баланың айтуынша, сол күні қазір қамауда отырған Айбек деген бала ішіп келіпті. 2010 жылғы балаларды бір ұрып, “сәбіз ашуға барыңдар” деп жіберіпті. Ал 2009 жылғы балаларға келгенде 10 соққыға шыдайсыңдар ма деген. Сосын олар болмайды деген. Содан кейін “денелерің үлкен үлкен ғой, 10 соққыға да шыдай алмайсыңдар ма” деп ұрды дейді. “Нұрғасыр мен Әлішер ұрды ма?” деп қызым сұраса, “иә, ұрды деп естідім” деп айтыпты. Ұрғандардың бірі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының баласы”, – дейді марқұмның әкесі. 

Фото: Видеодан скрин

Марқұм 15 жастағы 9 сынып оқушысы Абдул-Азиз қол күрестен түрлі жарыстарға барып, жүлдегер атанып жүрген. 

“Өте мықты спортшы еді. Болашағы бар бала еді. Облыстан бас жүлде алып келетін. Жеңілмейтін бала еді. Кейінгі кезде жаттығу барысында мені ешкім ұта алмайтын, ол мені ұтып кетіп жүрген бала еді”, – деді жаттықтырушысы Ернар Әлмаханұлы. 

Ал ауыл балалары бұрын “братан” деген системаның болғанын айтты.

“Атаман шақырған кезде қасында жүру керек. Отыр десе отырып, тұр десе тұрып, қасында жүріп, күшігі боласың. “Братан” шақырғанда бармасаң салық төлейсің. Болмаса үлкендерден соққы жейсің. Абдул-Азиз көбіне әжесі мен әпкесі бар болған соң шыға алмай қалады. Айбек шақырған кезде әкесі үйінде болып бара алмай қалған. Әкесі жұмысқа кеткен соң, сол күні ол шықты. “Братанның” жиналысына барды, жанындағы баланы ұрып жатқан, сол кезед Абдул-Азиз қарап тұрған. Сосын Айбек “кино көріп тұрсың ба” деп ұрған, сол кезде кеткен ғой. Сол оқиғадан кейін бұл система тоқтады”, – деді ауыл баласы.  

Ал марқұмның әкесі Медеу Арыстанбековтың сөзінше, ауыл әкімдігі мен мектеп директоры да жауап беруден қашып жүр екен. 

“Балам соққыдан құлаған соң жанындағы балалар оны көлікке салып алып, көрші ауылдың ауруханасына түнгі 00:30-да алып барған. Бірақ аурухана жабық болған. Сосын олар баламның денесін газонға тастайды. Содан кейін барып ауылдың ауруханасына апарып, турникке тартылып құлап қалды деген. Сол жерде директордың білім ісі жөніндегі орынбасары үшеуін ұрған. Біреудің әжептеуір баласына не істедіңдер деп соққыға жығыпты. Тергеуші бір ғана адамды ұстап әкеткен. Неге екеуі қамалмайды десем, ол екеуі алғашқы көмек көрсеткен дейді. Олар дәрігер де емес қой. Әбден өлгеніне көзі жеткен соң ғана маған хабарлап айтып тұр олар. Егер екі баланың кінәсі болмаса, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар әпкемнің үйіне, кешірім сұрап, жылап бармас еді ғой”, – дейді марқұмның әкесі. 

Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Дәулет Нұрмұхамедінің сөзінше, Кеңес ауылының тұрғыны күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды

Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3 бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеп-тексеру нәтижесімен Жаңақорған ауданы Кеңес ауылының тұрғыны күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды. Оқиға орнында болған Кеңес ауылының жастарынан толыққанды жауап алынып, күдіктінің қылмыстық әрекеті бекітілген” , – деді ол. 

Күдікті Айбек Аманның қорғаушысы Азамат Батырбекұлының сөзінше, тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр. 

“Тергеу соңына таяп қалды. Бірнеше тергеу әрекеттері қалды. Ары қарай прокуратураға жолданып, сот күні белгіленеді. Айбек Абдул-Азизді бір ұрғанын мойындап отыр. Марқұмның жақындарынан кешірім сұрайды. Жанындағы екеуі ұрмаған. Олар жедел жәрдем келгенше уақыт өткізбейік деп, үшеуі ауруханаға өздері алып барған. Олар полиция шақырмай алғашқы медициналық көмек көрсеткен”, – дейді қорғаушы. 

Заңгер Аида Ержанова спортпен айналысып жүрген баланың бір соққыдан өлгеніне сенбейтінін жеткізді. 

“Тергеушінің үстінен шағым түсіріп, ауыстыру керек. Екінші, сот сараптаманы қайта тағайындау керек. Бірінші берілген сараптама ақылға қонымсыз. Бір соққыдан адамның өлуі мүмкін емес. Куәгерлерді де күдікті ретінде тергеу керек. Осы істі алып, аяғына дейін жеткізуге дайынмын”, – деді заңгер.

Талқылау