"Харассмент қана емес, жемқорлық ісі де бар": "Ақ жол" партиясы экс-депутат Асқар Садықовқа тағы бір айып тақты
"Ақ жол" демократиялық партиясы депутаттық мандатынан айырылған Асқар Садықовқа тағы бір айып тақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/askar_sadykov
Партия Садықовтың қарамағындағы қызметкерге харассмент жасап қана қоймай, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне де араласқанын мәлімдеді. Экс-депутат таныстарына тендерлерді ұтып алуға көмектесуін сұраған.
"Асқар Садықов партия төрағасы келтірген деректерден басқа өзін партия қатарынан шығаруға негіз боларлық еш дәйектің жоғын алға тартыпты. Ол харрасмент фактілерін жоққа шығарып отырған жоқ. Соның өзі оны партия қатарынан шығаруға жетіп жатыр. Алайда партия төрағасы Садықовқа тағылған айыптар этикалық нормалардың бұзылуы ғана емес, өзге де салмағы ауыр жайттарға қатысты екенін тілге тиек еткені бекер емес. Мысалы, Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттігін асыра пайдалану әрекеті анықталды”, – делінген "Ақ жол" партиясы таратқан хабарламада.
Фракция қылмыстық құқық бұзушылықпен полиция айналысуы керек деп баса айтты. Сондықтан Азат Перуашев өз басылымында бұл фактілерді жария етпеді дейді.
"Бірақ оның барлығы да пленумда талқыланып, Садықовтың әрекеттері партия беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды шығарылды. Мәселе Садықовтың депутат ретінде мемлекеттік сатып алу процедурасына араласуы және өз таныстарының тендерлерде жеңіске жетуін қамтамасыз ету талаптары туралы болып отыр. Бізде әкімдердің бірінің Садықовтың мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне ықпал етуге тырысқаны жөнінде ресми хаттары қолымызда бар", – деді "Ақ жол" партиясы.
Талқылаудан кейін партия Садықовтың әрекетінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау қаупі бар деп шешіпті.
"Талқылауға қатысқан Асқар Садықов әріптестерінің пікіріне мән бермей, депутат ретінде қандай да бір әрекет жасауға құқылы екенін айтты. Сондай-ақ өз қатесін мойындаудан бас тартты. Осыған байланысты пленум оны партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Пленумның өкілеттіктерін және қабылданған шешімнің заңдылығын Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы қабылдап, нәтижесінде Садықов депутаттық мандатынан айырылды”, – делінген “Ақ жол” партиясының мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін 29 тамызда Орталық сайлау комиссиясы “Ақ жол” демократиялық партиясының ұсынуымен мәжіліс депутаты Асқар Садықовты мандатынан айырғанын жаздық. Ал партия жетекшісі Азат Перуашев өзінің Telegram-арнасында бұл шешімге “Асқар Садықовтың депутаттық мәртебеге келмейтін әрекеттері негіз болғанын” айтты.
Сондай-ақ бұрынғы депуттатың харрасмент жасағаны белгілі болды.