Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевты жанкүйерлері күтіп алды

Париж Олимпиадасында алтын иеленген дзюдошы Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаевты Алматы әуежайында туыстары, достары мен спортшылардың жанкүйерлері қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынды

Елдос Сметов жерлестеріне жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдірді.

"Өз еліме, үйіме келгеніме қуаныштымын. Жерлестерімді қуантып, оларға спорт мерекесін сыйлағаным үшін бақыттымын", — деді Сметов.

Ал Сметовтің анасы ұлының алтын жүлдемен оралатынына сенгенін айтты. 

"Ұлыма сендім. Ананың жүрегі алдамайды. Ұлым: "Апа, уайымдамаңыз, сіздің қолдауыңызбен алтын әкелемін" деп айтқан еді. Ол кілемде жекпе-жек өткізіп жатқанда біз де өзімізді сол жерде отырғандай сезіндік. Қатты уайымдадық. Ол дегеніне жетті. Алтын алу оның басты мақсаты болды”, – деді Тоқтагүл Сметова.

Чемпионның анасы, барлық аналарғаосындай бақыт тілейтінін жеткізді. Олимпиадаға қатысып жатқан барша қазақстандықтар жүлдемен оралсын деді ол. 

Айта кетейік, 27 шілдеде дзюдошы Елдос Сметов Парижде өткен Олимпиада ойындарында ел қоржынына алтын әкелген. 60 келі салмақ дәрежесінде финалда Сметов француздық Лука Мхеидземен белдесіп, жеңіске жеткен еді. 



Ал 28 шілдеде қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Париждегі Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған. Үшінші орын үшін тартыста ол сербиялық Страхиня Бунчичті жеңген еді. 

Талқылау