Байжановтың адвокаты сот барысында TikTok арқылы ақша тапқан
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты 4 жылға сотталған Бақытжан Байжановтың қорғаушысы сот отырысы кезінде TikTok желісінде тікелей эфир жүргізу арқылы қосымша табыс тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы сот
Бұл туралы апелляциялық сот барысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мәлімдеді. Ол Байжановтың адвокаты Әлібек Секеров сотта сотталушының мүддесін қорғағаны үшін ғана ақы алып қоймай, желі арқылы да ақша тапқанын айтқан.
"Егер Секеров туралы айтатын болсақ, ол судьяның рұқсатынсыз TikTok-та тікелей эфирге кіріп, сол арқылы ақша тапқан. Артынша судья оған тікелей эфир жүргізуге тыйым салды", – дейді марқұмның ағасы.
Ол сондай-ақ қорғаушылардың қоғамдық наразылық үкімге кері әсер етуі мүмкін деген шағымдары туралы айтты.
"Әу бастан-ақ қоғамда наразылық болды. Тараптардың ешқайсысы істі ашық талқылауға қарсы болған жоқ. Сондықтан, енді бұл істің ашық түрде өтуі сот шешіміне әсер етті деп айтуға болмайды. Бұл туралы басында ашық сот талқылауын талап еткенде ойлану керек еді", – деді Айтбек Амангелді.
Бұған дейін Бишімбаев пен Байжановқа қатысты апелляциялық сот үкімі өзгеріссіз қалғаны туралы жазған едік.
Апелляциялық сот отырысы кезінде Айтбек Амангелді Байжановтың әйеліне Lexus көлігін сатып, 4 жыл күн көруге болатынын айтты.