Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

185 мың теңгеге жуық айыппұл, 20 күнге дейін қамау: Қазақстанда қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандар үшін жаза қатаңдатылмақ

Жаңа заң аясында депутаттар Қазақстанда "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша жауапкершіліктің қатаңдатылатынын мәлімдеді. Енді қоғамдық орындардағы мүліктерді қорлағандар 50 АЕК (185 мың теңгеге жуық) айыппұл төлейді немесе 20 күнге дейін қамауда болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Заң бойынша енді 434-бабтың жекелеген бөліктерінде "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша жауапкершілік қатаңдатылған.

“Ғимараттарды, өзге де құрылысжайларды, тұрғын үй-жайларды, көпшілік пайдаланатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүліктерді қорлағаны үшін 50 АЕК (бұрын 20 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 20 тәулікке (бұрын 15 тәулік) дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылмақ. Бұл заң бұзушылықтарды бір жылда қайталағандарға 20-30 тәулікке (бұрын 15 тәулік) дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар енді белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастағандарға 10 АЕК айыппұл салынады.



Ал 434-бабтың 2-тармағындағы "Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау" бойынша заң бұзушылықтар үшін жаза екі есе ұлғайтылды. Саябақтарды, скверлерді ластағаны, оның ішінде белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 АЕК (бұрын 5 АЕК) көлемінде айыппұл салынбақ. Ал бұзушылықты бір жылда қайталағандар 20 АЕК (бұрын 10 АЕК) көлемінде айыппұл төлейді.

Талқылау