Мемлекеттік бюджеттен 1,1 миллиард жымқырған кәсіпкер Әнуарбек Жексенғалиевке сот үкімі шықты
Ұрланған қаражатты заңды айналымға тартқан Әнуарбек Жексенғалиевтің мүлкі тәркіленіп, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: office.sud
Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық кіріс көлемі 4,3 млрд теңге болғанын хабарлады. Параллельді қаржылық тергеу көмегімен қылмыстық активтерді жылыстатудың күрделі схемасы зерттелді.
Жексенғалиев мемлекеттік бюджеттен 1,1 млрд теңгені жымқырып, оны жалған кәсіпорындардың шоттарына аударудың күрделі схемасы арқылы заңдастырып алғаны анықталды.
Сонымен қатар ол қаржыны шетел валютасына айырбастау бойынша қаржылық операцияларды жүзеге асырған.
Ол сондай-ақ ұрланған қаражатты жылыстату үшін жылжымайтын мүлікке қатысты ойдан шығарылған мәмілелер жасаған.
2019-2022 жылдар аралығында жеке меншіктен жер телімдерін сатып алу, оны құрылыс компанияларына беру және пайдалануға берілген пәтерлерден сыйақы алу арқылы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырып отырған.
Мемлекет кірісіне тәркіленген Жексенғалиев мүлкінің сомасы 4,7 млрд теңге болды.
Әнуарбек Жексенғалиев 2022 жылдың маусым айында ұсталды.
Бұған дейін Қазақстанда 1,1 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырды деген екі күдіктіге іздеу жарияланғанын хабарлаған едік.