Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ – Сенатор

Бүгінгі парламент сенатының отырысында сенатор Дархан Қыдырәлі премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Алаш арыстарын ұлықтау туралы ойларын ортаға салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Таяуда Атырауда өткен ұлттық құрылтайда мемлекет басшысының тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймау туралы сөзін еске салған сенатор алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін бір-біріне қарсы қойып, ел ішінде іріткі тудыратын дау-дамай шығару жосықсыз екенін ескертті. 

"Биыл қазақ жерінің тұтас республикаға бірігіп, шекарамыздың айқындалғанына жүз жыл толып отыр. Мемлекет тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауға тиіс. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сынды алаш қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билік басында болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру – әбестік", – деді сенатор.  

Тұлғалар туралы сөз қозғағанда әдептен озбау керегін айтқан сенатор оларды алалау үлкен мәдениетсіздік екенін ескертті. Айтуынша, өркениеттің бастауы – көркем ниеттен басталады. Алаш арыстары атқарған ұлы істерді бүгінгі ұрпақ ізгі істермен жалғастырып отыруға тиіс. 

2000 жылы халық шаруашылығы институты ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, Тұрар Рысқұловтың атын алып тастады. Сенатор үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды жоғарғы оқу орны қандай басқару түріне жатса да, ауыстыруға құқығы жоқ екенін атап өтті. 

"Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 130 жыл. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шекарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауға тиіс. Алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Жақында Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді", – деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында қараусыз жатқан Қандысайға немесе Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу бүгінгі ұрпаққа парыз екенін атап өтті. 

Талқылау