Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үй қызметкеріне басшысынан миллиард теңгеден астам мұра қалды

Таиландтық үй тазалаушы әйел кенеттен байып шыға келді. Оның Франциядан келген бай қожайыны өзіне қол жұмсап, оған 100 миллион тай баты (шамамен 1,2 миллиард теңге) мен үш мысықты мұраға қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: focus.ua

Француздық кәсіпкер әйел Кэтрин Делако Таиландтың Самуи аралындағы сәнді вилласында өлі күйінде табылды, ол 59 жаста еді. Әйел жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын. Бұл туралы полицияға оның Па Тим есімді үй қызметкері айтқан.

Тим үй иесінің қайтыс болғанын 29 сәуір, дүйсенбі күні таңертең білді. Оған бассейн тазалаушы қоңырау шалып, Делаконың мәйітін бассейннен тапқанын айтқан. Болжам бойынша, кәсіпкер әйел тапаншамен өзіне оқ атқан. Тим француз әйелінің үйіне келіп, оның Line әлеуметтік желісіндегі соңғы жазбаларын тексерді. Катрин үй тазалаушыға сейфте қоштасу хаты бар екенін жазған.

Хатта үй иесі оған көп ақша қалдырғаны жазылады. Вилла, 50 млн тай баты (шамамен 603 млн теңге), құны 100 млн бат (шамамен 1,2 млрд теңге) болатын зергерлік бұйымдар мен көлік бар. Бұрынғы күйеуіне тағы екі вилла қалдырған. Сондай-ақ қайтыс болған адам Тимнен оның үш мысығына қамқор болуды өтінген.

Қызметші үй иесінің қайтыс болғанын білгенде қатты қайғырған. Тимнің айтуынша, ол қожайынымен 17 жыл жұмыс істеген. Делако оған айына 20 мың бат (240 мың теңге) төлеп тұрған. Ал қайтыс болғанға дейін электр, су және интернет шығындарын төлеп, жерлеу рәсіміне 500 мың бат аударып кеткен. Тим оған лайық қоштасу рәсімін жасаймын деп уәде берді.

"Ол менімен бірге болса екен дедім. Мұндай жағдай болғанын қаламадым. Ол маған көп нәрсе берді, бірақ мен оның өзін жоғалтып алдым. Жүрегім жаралы, оны қатты сағындым. Ол маған анам сияқты болды, осы жылдар бойы маған қамқорлық көрсетті. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын", – деді ол.

Тимнің сөзінше, Делако ауруына байланысты осындай қадамға баруы мүмкін. Ол қатерлі ісікке шалдыққан екен. Әзірге үй қызметкері мұраны қайда жұмсайтынын білмейді.

Бірнеше жыл бұрын Алматыда осыған ұқсас жағдай болды. 2021 жылғы мамырда деменциямен ауыратын 78 жастағы зейнеткер Маргарита Жилинская кенеттен қайтыс болды. Өсиет бойынша оның пәтері әлеуметтік қызметкерге берілді. Ол қартты екі айға жуық бақылап, қайтыс болғаннан кейін мұраға қалған үйге көшкен. Бұл жағдай қайтыс болған зейнеткердің әпкесін ашуландырып, ол сотқа жүгінді – 2023 жылы өсиет жарамсыз деп танылды. Бұл туралы Алматы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Кей желі қолданушылары үшін оның кенет мұраға кенелгені жұмбақ болып көрінетінін жазды. 

Бұған дейін италиялық әйел 5 миллион доллар (2 миллиард 232 миллион теңге) байлығын күтушісіне қалдырғанын жазған едік. Айтуынша, өзінің тікелей мұрагерлері жоқ. 

Талқылау