Кенеден абай болыңыз: Алматыда бір айда 214 адам дәрігер көмегіне жүгінген
Алматыда бір айда кене шаққан 214 азамат дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың жартысынан көбі бала екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: citytraffic.ru
Қайта қауіпті жәндіктен зардап шеккен тұрғындардың бірде бірінен конго-гемморагиялық қызбасы анықталмапты.
Еліміздің оңтүстігінде де кенеден келетін қауіп күшейген. Әсіресе Қызылорда облысында күн райы күрт жылығандықтан, зиянкестер ерте оянған. Оның үстіне өңірде биыл конго-қырым безгегінің ошағы саналатын елді мекендер саны артқан. Қазір санитар мамандар залалсыздандыру жұмыстарына белсене кіріскен.
Ал көктем басталғалы жалпы өңірде 72 тұрғынды кене шағып, медициналық көмек алыпты. Зиянкес жәндіктен зардап шеккендердің дені – қала тұрғындары. Сондықтан ақ халаттылар қауіпті жәндік шаққан жағдайда өз бетінше ем жасамай, бірден ауруханаға келу керегін ескертеді.
“Қызыордада қазірге дейін кене шаққан 54 адам тіркелді. Олардың бәрі медициналық көмекке жүгінген. Олар амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Аймақтағы емханаларда 14 күн бақылауда болады. Конго-гемморагиялық қызбасына күдіктілер тіркелген жоқ”, – деді Қызылорда қалалық санитария-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Айгүл Мусиева.
Айта кетейік, былтыр Түркістан облысы Сауран аймағында 15 жастағы жасөспірім кене шағып қаза тапты. Ол жәндік шаққаннан соң медициналық көмекке жүгінбей конго-қырым геморрагиялық қызбасына тап болған.