"Мың айдан қайырлы болған қасиетті түн": Қадір түнін қалай өткізген дұрыс және не нәрседен тыйылу керек
Қадір түні – мұсылмандар үшін ең қасиетті, құтты, ұлы тағдыр түні. Бұл кезде адамдар мешітке барып немесе үйде отырып құлшылық жасайды. Қадір түнінде жасалатын ең үлкен құлшылық – дұға жасау. Биыл Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге түсіп тұр. Алматы қаласы Ибраһим мешітінің бас имамы Ермек Көкірекбаев Stan.kz тілшісіне қасиетті түнді қалай өткізу керегін және Қадір түнінде қандай әдеттерден тыйылған жөн екенін айтты.
Фото: pixabay.com
Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді. Ал оның қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші, ақ пен қараның, адал мен арамның аражігін айқындаушы Құранның түсуі.
Не себепті Қадір түнінің нақты уақыты жоқ?
Бұл мүбәрак түннің нақты уақыты белгісіз, яғни ол мұсылман баласының ғибадатты көбейте түсіп, жалқаулық танытпау үшін, құлшылыққа ынталандыру мақсатында Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде жасырылған. Ғалымдар Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисіне сүйене отырып, Қадір түні деп Рамазан айының 26-күнінен 27-күніне қараған түнді белгілеген.
Есесіне қасиетті Қадір түнінің бірнеше белгісі бар. Ғұламалардың айтуынша, Қадір түнінің белгілері екі топқа бөлінеді.
Біріншісі, уақытында (яғни сол түні) білінетін белгілер:
- Сол түн ашық, ай сәулесі жарық болады;
- Жүрек уайым-қайғыға берілмей, тыныштықтық табады;
- Жағымды самал жел еседі;
- Ауа райы суық та, ыстық та емес, қолайлы болады.
Екіншісі – таң атқанда білінетін белгі:
- Күн сәулесіз, қызарып шығады.
Бас имам Ермек Көкірекбаев Қадір түнінің не себепті “тағдыр түні” деп аталатынын түсіндірді.
”Алла періштелерге келесі тағдыр түніне дейін не болатыны жайлы білім береді. Егер Қадір түні адам шын ниет, көңілімен Аллаға сиынып, дұға тілесе оның тағдыры өзгеруі ықтимал. Қадір түні "Алла, менің тағдырымды жақсы жағына өзгертші, маған жақсы тағдыр нәсіп етші" деп ақіретіміздің де жақсы болуын сұрау керекпіз. Сонда Алла ол адамның тілегін қабыл етеді”, – дейді имам.
Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?
Ермек Көкірекбаев қасиетті түнді толық дәретпен, жаман ойсыз, таза жүрекпен қарсы алу керегін айтады. Бұл түнді дұрысы мешітте жиналған жамағатпен қарсы алған жөн дейді ол.
“Алланың разылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, дұға еткен абзал. Көпшілікпен жасаған құлшылықтың орны ерекше. Сонымен қатар Құран оқып, уағыз-насихат тыңдаған жөн. Жағдай жетсе, жеті шелпек пісіріп, тамақ дайындап, мерекелік дастархан басында отбасымен қарсы алуға болады. Егер ондай мүмкіндік болмаса Аллаға сиынып, мінәжат жасап, дұға қылып, қосымша намаздар, зікірлер, Құран оқып, тілек тілесе де болады”, – дейді бас имам.
Ермек Көкірекбаев “Қадір түні басқа түндерден несімен ерекше?” деген сауалға былай деп жауап берді:
“Қасиетті Қадір түні Алланың нұрдан жаратқан періштелері жер бетіне түседі. Жерге түскен періштелердің саны майда құм, тастардан көп болады екен. Олар көктен “Аллаға сиынып, дұға-тілек тілегендер бар ма екен?” деп түсетін көрінеді. Осылайша Қадір түні адам баласы тілеген тілекке періштелер “Әмин” деп тұрады екен”, – деп жауап берді.
Әйелдерге қасиетті түнді мешітте қарсы алса бола ма?
“Исламда әйелдерге мешітке баруға тыйым салынбайды. Егер әйел Қадір түнінде ағасымен, күйеуімен мешітке барса, оның еш сөгеттігі жоқ. Ал егер қасында жақыны болмаса, Қадір түнін үйінде өткізгені абзал. Себебі әйелдердің мешіті – өз үйі немесе бөлмесі. Олардың құлшылықты үйде жасағаны жөн”, – дейді Ермек Көкірекбаев.
Қадір түнінде не істеуге болмайды?
Бас имам Қадір түнінде адам баласы тыйылу керек дүниелерді тізбектеп берді.
Қасиетті түні Ислам дінінде рұқсат етілмеген, тыйым салынған іс-әрекеттерді жасауға болмайды. Шылым шегуге, ішімдік ішуге рұқсат жоқ. Уақыт өткізудің амалын жасап өзіңді карта, нарды секілді құмар ойынмен алдауға, сериал, фильм көруге, жанжалдасып, жөн-жосықсыз, бос әңгіме айтуға болмайды.
Дін өкілі көпшілікке қасиетті түнді тек ғибадат пен құлшылыққа арнау керегін ескертеді.
Ермек Көкірекбаев Қадір түнінің артықшылығына тоқталды.
“Қасиетті Құран кітапта “мың айдан қайырлы болған Қадір түн” делінген. Бұл мың ай – 83 жыл 4 айға тең келеді. Бұл бір адамның ғұмыры. Сондықтан адам қателесіп, бір ғұмырын өткізіп алған болса, Алладан шын жүрегімен, жан дүниесімен кешірім сұрап, тәубесіне келу керек. Яғни Қадір түнінде жасалған кез-келген сауапты іс мың ай бойы жасалған жақсылыққа татиды. Осы бір түнді бос жібермей, берілген үлкен мүмкіндікті пайдаланған абзал”, – дейді бас имам.
Қасиетті түнді көз ілмей өткізу шарт па?
Ермек Көкірекбаев Қадір түнін ұйықтамай өткізу міндетті емес дейді. Денсаулығына, жұмысына байланысты кейбір жандардың 1-2 сағат көз шырымын алуына рұқсат. Ұйықтамай құлшылық қылса да болады. Бұл қосымша жасалатын, яғни ерікті ғибадат, құлшылықтар.
Қадір түні қандай дұғалар оқу керек?
- Ықлас сүресін 100 рет оқу керек.
Бисмилләһир рахмәнир рахим. Қуль һу уаллаһу аһаді. Аллаһус самаді. Ләм иәлиді, уә ләм иуләді. Уә ләм иәкуль ләһу куфууән ахаді.
Қазақша мағынасы: "Алла біреу ақ. Алла мұңсыз. (әр Нәрсе Оған Мұқтаж). Ол тумады да туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес".
- Қадыр сүресі – 100 рет.
Бисмилләһир рахманир рахим. Иннә әңзәлнәһу фи ләйләтил қадыр. Уә мә әдракә мә ләйләтул қадыр. Ләйләтул қадри хайрум минәл фи шәһр. Тәнәззәлул мәләикәту уәр руху фи һә биизни раббиһим мин кулли әмр. Сәләмун һиә хатта мәт ләғил фәжр.
Қазақша аудармасы: "1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады".
- Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдур расулуллаһ – 100 рет.
Қазақша мағынасы: Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі.
- Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ғабдуһу уә расулуһ – 100 рет.
Қазақшасы: Алладан басқа ешбір тәңір жоқ және Мухаммед Оның Елшісі және құлы екендігіне куәлік беремін.
- Астәғфируллуһ – 500 рет.
Қазақша мағынасы: "Алладан кешірім сұраймын"
- Лә иләһә иллаллаһ уахдәһу лә шарикәләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду, уә һуә ғалә кулли шәйин қадиир – 100 рет.
Айта кетейік, Қадір түнінде бір рет қадір сүресін оқу, басқа уақытта құран кәрімді хатым еткеннен де артық сауап. Қадір түні бір рет "Субханалла", бір рет "Әлхамдулилла", бір рет "Лә илаһа иллалла" деп айту 700 мың тәсбих, тахмид және тәһлилден құнды болады. Бұл түні қой сауымындай уақыт (аз уақыт) намаз оқу, ғибадат ету бір ай барлық түндерді таңға дейін ғибадат етуден де құнды.
Қадір түні ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады.