Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный түзету мекемесінде көз жұмды
Ресейдегі Ямало-Ненецкий автономды округінің федералды қылмыстық атқару жүйесі басқармасы ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың түзету мекемесінде көз жұмғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сурет: Reuters
БАҚ мәліметінше Навальный түзету мекемесінде серуеннен кейін бірден есінен танып, өзін нашар сезінген.
Кейін жедел-жәрдем дәрігерлері сотталушының көз жұмғанын хабарлапты. Қазіргі таңда өлімінің нақты себебі анықталып жатыр.
"Мекеменің медицина қызметкерлері дереу келіп, жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылды. Барлық қажет реанимациялық іс-шаралар өткізілді, олар оң нәтиже бермеді. Жедел медициналық көмек дәрігерлері сотталушының қайтыс болғанын айтты", – делінген федералды қылмыстық атқару жүйесі басқармасының хабарламасында.
Ал Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл жайтқа қатысты барлық мән-жай анықталып жатқанын айтты.
“Білуімше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қазір бұл деректің мән-жайы анықталып жатыр. Бұл үшін ешқандай бұйрық керек емес, белгілі ережелер бар. Өлімінің себебін мәскеулік дәрігерлер анықтауы қажет”, – деді Песков журналистердің сауалына жауап беріп.
Навальный Ханты-Мансинск автономды округіндегі “Полярный волк” мекемесінде жазасын өтеп жатқан. 2023 жылы экстремистік ұйым құру, экстремистік іс-әрекетті қаржыландыру, экстремизмге шақыру, нацизмді жаңғырту айыптары бойынша кінәлі деп танылып, 19 жылға сотталды.