Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Уақыт сынынан мүдірмей өте ала ма: Қытайлық көліктердің басты кемшіліктері аталды

Қазақстанда былтыр 2023 жылы сатылған әрбір көліктің үшіншісі Қытайда жасалған. Осы көрсеткішден-ақ қытайлық автоөндірушілердің ел нарығына үлкен серпіліс пен өзгеріс алып келгенін аңғару қиын емес. Алдағы уақытта да сұраныс арта беретіні түсінікті. Қалай дегенмен де өзінің “тәтті” бағалары мен көздің жауын аларлық қондырғылары арқылы халықтың сеніміне кірген бұл көліктер шынымен үздік пе? Көпшілік арасындағы сенімсіздік стереотипін бұзып, уақыт сынынан мүдірмей өте ала ма? Stan.kz ақпарат агенттігіне пікір білдірген автосарапшылар осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Чери тигго 7

Фото ашық дерекөзден

Инь мен Ян

Аспан асты елінде жасалған көліктер аз уақыттың ішінде әлемде жетекші орындардың қатарына шықты. The Wall Street Journal газетінің дерегінше, Қытайдың автокөлік экспорты 2023 жылы рекордтық көрсеткішке жеткен және жақын күндері Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі авто экспорттаушы ретінде бірінші орынға шығуы ықтимал. Қытай автомобильдерінің экспорты өткен жылы 5,25 миллионға жеткен, ал бұл шетелге жөнелтілген жапон көліктерінің санынан 1 миллионға артық.  

Ал Илон Масктың “Tesla”-сын артта қалдырған “BYD Co” көлігі 2023 жылдың соңында сатылған электромобильдер саны бойынша бес есеге өскен. Еуропалықтардың көпшілігі электромобиль алар кезде америкалық темір тұлпардың орнына қытайлық көлікті таңдайды екен. Тағы бір айта кетерлігі, жалпы алғанда өткен жылы Қытайдың өз ел ішінде және шетелде көлік сатуы 25,5 миллионға жеткен. Бұл да рекордтық көрсеткіш екенін атап өткен жөн.

Әлемдегі жағдай осындай. Ал Қазақстанға келетін болсақ, автомобиль бизнесі қауымдастығының (ҚАБҚ) деректері бойынша танымалдылығы жағынан бірінші эшелондағы (HAVAL, JAC, Changan, EXEED, Geely, Jetour, TANK, Omoda) сатылған қытайлық автокөліктердің жалпы саны 30 228 дананы немесе 2023 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін елімізде сатылған барлық автокөліктің төрттен бір бөлігін құраған. Бұл сатылым көрсеткіші бойынша Hyundai мен Chevrolet брендтері ғана алда тұр (31 948 дана). Алайда сарапшылар алдағы уақытта қытайлық көліктер бұл көрсеткіш бойынша да жетекші орынға шығады деп топшылайды.

Әсіресе таңдаудың көптігі, бағасының қалтаға қолайлығы әсіресе премиум-люкс комплектациялық көліктерде ғана болатын қолданбалардың кез келген қытайлық ортаңқол автоларында қолжетімді болуы көптің көзін қыздырады. 

Дегенмен ақ пен қара қатар жүретіндігі секілді қытайлық көліктердің тарапына айтылған теріс пікірлер де болды. Желіде көліктері 40 мың, 80 мың кейбірі 100 мың шақырым жүргеннен кейін әртүрлі олқылықтардың пайда болғаны жайлы айтқан қолданушылар кездесті. Олардың басым көпшілігі көлік ішіндегі электрондық қолданбалар мен құрастыру кезіндегі кемшіліктер жайлы айтады.

Мәселен, көрші ел Ресейде Қытайдың Haval автомобиль брендін зауыттар жаппай кері алдырып жатқаны белгілі болды. Анықталғандай, Haval F7 және Haval F7x көліктерінде электр сымдарына қатысты ақаулар болған. Яғни, жүргізуші орындығының астында электр сымдарына ылғалдың түсу мүмкіндігі бар, содан кейін электр сымдарында қысқа тұйықталу пайда болады. Ал бұл көліктің өртеніп кету қаупін тудырады.

Жалпы 2022 жылдың 1 желтоқсаны мен 2023 жылдың 27 желтоқсаны аралығында сатылған 32 156 автокөлік тексерілуі тиіс. Бұл жаңалық көп қазақстандықтарды алаңдатып қойды. Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген елімізде Haval көлігін ресми жеткізуші компания F7 және F7x үлгілері Қазақстанға 2022 жылдың желтоқсанына дейін ғана жеткізілгенін айтқан.

Сөздерінше, 2021 жылдың наурызынан 2022 жылдың қарашасына дейін Қазақстандағы HAVAL брендінің ресми дистрибьюторы 1302 бірлік көлемінде Haval F7 және F7x үлгілерінің кроссоверлерін жеткізіп, сатқан. Аталған көліктердің VIN нөмірлері тексеріліп, олардың көліктерді жаппай кері алдырып жатқан ресейлік Тула зауытына еш қатысы жоқ екені анықталған. Демек, қазақстандықтардың алаңдауына себеп жоқ деген сөз. Бірақ қалай дегенмен де алғашқы кемшілік шығып отыр. Көпшілікті уайымдататыны да осы.

Қосалқы бөлшек: Қытай көліктерінің басты кемшілігі қандай

Қосалқы бөлшектерге қатысты сауалдың әлі де нақты жауабы жоқ. Сарапшылардың пікірінше, жағдай өндіруші зауыттардың қосалқы бөлшектердің жеткілікті мөлшерін шығармауымен күрделене түсуде, себебі автомобильдер қатары өте кең және жиі жаңартылып отырады. Көлік қатты бұзылған жағдайда қытайлық автомобильдің иесі қосалқы бөлшекті ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болады. Бөлшектердің түрлеріне қарай уақыт бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Автокөлік құрастыратын жаңа профильді зауыттар салу бұл мәселенің шешімі болуы ықтимал. Мысалы, Astana Motors компаниясы 2025 жылы Chery, Haval және Changan шағын тораптық құрастыру мультибрендтік зауытын салатыны туралы жариялады. Бірақ бұл жағдайды толық шеше ала ма?

Автосарапшы Эдуард Эдоковтың айтуынша, Қытайда авто өндірушілерге тұтынушыларды 20 жылға (спикердің шамалауы –ред.) дейін қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп отыруға міндеттейтін заңнамалық деңгейдегі талап жоқ.

“Мысалы, алған көлік бес жыл жүргеннен кейін оны шығаруды тоқтатып тастауы мүмкін, ал одан кейін қосалқы бөлшектерді табу қиынның қиынына айналады. Қателеспесем Жапонияда Toyota компаниясы 20 жылға дейін қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге міндетті. Демек көлік 25 жыл бойы жүрсе Жапонияда 20 жыл бойы қосалқы бөлшек шығарып отырады. Ал Қытайда мұндай жоқ. Ол жақта шығып жатқан көліктің түрлері өте көп, жыл сайын жаңарып жатыр. Ал үш жылдан кейін алған көлікті құрастыру бірден тоқтап, техникалық көмексіз қалу қаупі бар”, – дейді ол.

Бұл әсіресе аса танымал емес көлік түрлерінде кездесуі мүмкін екенін айтқан Эдоков мұндай тәуекелдің бар екенін жасырмайды.

Ал автосарапшы, “За рулем Қазақстан” журналының редакторы Алексей Алексеев қосалқы бөлшектерге байланысты аса бір дефицит болмайды деп санайды. 

“Қытайлықтардың сұранысқа өте жылдам жауап беретіні бәрімізге мәлім. Егер сұраныс болса қосалқы бөлшектер де болады”, – дейді ол.

Эдуард Эдоков кемшіліктердің көбі елімізге сұр жолдар арқылы әкелінген қытайлық көліктерде болатынын айтады. Сөзінше, оларды ресми дилерден сатып алмаған соң сервистік қолдау да болмайды.

“Қытайлық көліктердің қосалқы бөлшектері Қазақстанда әлі де көп емес. Бірақ бұл жағдайда біздің еліміз Қытаймен көршілес болуы оң септігін тигізеді. Тығыз қажет болса ұшақ арқылы немесе қатты тығыз болмаса басқа жол арқылы алдыруға болады бірақ ұзақ уақыт алады”, – дейді ол.

Қытай көліктерінің тағы бір кемшілігі жайлы тоқталған Эдоков оның сапасы әлі де болса кореялық немесе жапониялық көліктердің сапасына жетпейтінін жасырмайды.

“Қазір қытайлар бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Олар Еуропадан, Америкадан инженерлер мен дизайнерлерді шақырып, көліктің баптауларын қайта жасап жатыр. Бірақ қалай дегенмен қытайлық көліктер кейбір сипаттамалары жағынан әлі де артта екенін мойындау қажет. Мысалы, BMW мен Haval көліктерін салыстыра алмайсың. Соған қарамастан қытайлар тез қорытынды шығарады және олқылықтарды тез қалыпқа келтіреді. Осы себептен олар қазірдің өзінде нарықтағы салмағы бар шығарушыға айналды”, – дейді сарапшы.

Made in China немесе халық арасындағы сенімсіздік стереотипі

Тұтынушылар арасында ұзақ жыл бойына қытайлық өнеркәсіпке деген сенімсіздіктің бар екені жасырын емес. Бұл стереотиптің салдары қазір қытайлық көліктер төңірегіндегі пікірталасқа алып келді. Сенімсіздіктер әсіресе қыстағы автокөліктердің жүрісіне, қосалқы бөлшектердің жеткіліктігі мен көлік бағасының тұрақтылығына қатысты туындайды. 

Автосарапшы Эдуард Эдоковтың айтуынша, қытайлық көліктердің сатылымының жылдан жылға өсуінің өзі стереотиптердің сынғанын көрсетеді.

“Біз өз дауысымызды қалтамыздағы теңге арқылы беретінімізді ескерсек, бұл сенімсіздік қазірдің өзінде азайып барады. Еліміздегі электромобильдердің шамамен 70 пайызы Қытайға тиесілі. Осының өзінен-ақ үлкен сенімді көруге болады. Қытайлық электромобильдердің тек Қазақстанды ғана емес бүкіл әлемді жаулап жатқаны тағы рас. Сол себепті халық арасындағы сенімсіздік азая ма деген сұраққа “иә” деп қана жауап беремін”, – дейді сарапшы.

Эдоков алайда қытайлық көліктердің еуропалық, америкалық және жапониялық көліктердің қатарына әлі де жетпейтінін жасырмайды. “Бірақ олар қазірдің өзінде кореялық көліктермен бір қатарда деуге болады. Ал электромобильдердің көрсеткіші бойынша олар бәрін басып озды” деп қосты ол.

Қытайлық көліктердің уақыт сынынан өтуге тиіс екенін автосарапшы Алексей Алексеев те айтады. Оның сөзінше, көліктердің жағдайы мен сапасы туралы нәтижелерді 3-5 жылдан кейін ғана шығаруға болады.

“Бағалар тұрақталады сондай-ақ басқа да сүйікті модельдер жарық көреді. Қорытынды жасауға әлі ерте. Алайда 5-7 жылға дейін кепілдікті қорықпай беруінен қытайлықтардың өзіне тым сенімді екенін байқауға болады. Қызықтыратыны да осы”, – дейді ол.

Ескі Camry-дің орнына жаңа қытайлық: Бірақ ол бағасына тұрарлық па

Қазір қазақстандықтардың көбі қолда бар ақшаға жүрілген көліктердің орнына автосалоннан жаңа қытайлық көлік алғанды жөн көреді. Ал ұзақ жыл бойы “халықтың машинасы” атанып келген Toyota бұл атағынан айырылып қалғандай. Себебі жаңа Toyota-ның сату көрсеткіштері тез төмендеп жатыр. Ол Ресейде осы брендтегі автомобильдер өндірісінің тоқтауы және логистиканың қиындауы аясында модельдер қатарының азаюымен байланысты болуы мүмкін. Freedom Finance Global мәліметтеріне сәйкес, егер 2020-2021 жылдары жапон бренді Қазақстанда 13800 автокөлік сатса, 2022 жылы сатылым 9622 данаға дейін азайған. 2023 жылғы 1 тамызға қарай бұл көрсеткіш 5698 дана болса, ал қыркүйекте Toyota қытайлық Chery-ден сатылым бойынша артта қалды. 

Қытайлық көліктердің бағасы нарықтағы басқа көліктерге қарағанда 20 пайыз арзан екенін айту қажет.

Автосарапшы Эдуард Эдоков қытайлық көліктердің қазір жылдам дамып кеткенін алға тартқанымен сенімді жүріс жағына күмәнмен қарайды.

“Мәселен, Toyota көлігі 5,10жыл, тіпті 20 жыл уақыт өтсе де өз жүрісінен айнымайды. Өйткені бұған халықтың көзі жеткен – уақыт сынымен дәлелденген. Ал қытайлық көліктердің болашағы 5-10 жылдан кейін қалай болады? Мұны болжау қиын. Жапон көлігі 5 жылға дейін қалай жүрсе, 5 жылдан кейін де солай жүреді. Қытай көліктеріне мұндай сенімділікпен қарай алмаймын. Жоғарыда айтқанымдай олар кейбір сапасы жөнінен әлі де артта. Ал бұл уақыт сынынан қалай өтетініне байланысты екенін тағы да қайталағым келеді”, – дейді ол.

Алексей Алексеев еліміздің нарығы үшін қытайлық көліктердің бағасы тым арзан емес деген пікірде. Сөзінше, көлік Қазақстанға жеткізілгенше оның бағасы екі есе өседі.

“Қытай нарығында бұл баға екі есе арзан. Мұның бір себебі – мемлекеттік субсидиялар. Үкімет автоөнеркәсіпті дамытып, әлемдік нарыққа шығуға үлкен қолдау көрсетіп отыр. 2023 жылы Қытай автомобиль экспорты бойынша әлемдік көшбасшы болды. Ал Porshe сатып алған кезде сіз тек бренд үшін төлейсіз. Әрі Еуропадағы қымбат өмір салты деген секілді айырмашылықтар бар. Ал қытайлар бұл деңгейге әлі жете қойған жоқ. Бірақ олардың әлемге әлі айтары бар”, – дейді автосарапшы.

Қытайлық көлік алғандар не дейді?

Қытай көлігін сатып алушылардың көбі темір тұлпары туралы тек оң пікір білдіреді. Түркістан қаласының тұрғыны Әзірет Ыдырыс Haval M6 көлігін алғанына екі айдан аса уақыт болған. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде көліктің ешбір кемшілігін көрмеген. Әзірге ешқандай қосалқы бөлшек іздеп көрмегенін де айтқан ол көліктің ең басты артықшылығы – бағасына тұрарлығында дейді.

Автосарапшы Алексей Алексеев неміс көлігінен қытайлық көлікке ауысу өте қиын болғанын мойындайды. Сөзінше, жақында Geely Monjaro көлігін тізгіндеп келе жатқанына бір жыл болады. Осы уақыт ішінде әр сапардан ләззат алып келгенін алға тартқан ол қазір көлігін ауыстыратын өзге нұсқаларды атай да алмайтынын жеткізді. 

“Қала ішінде де, ұзақ сапарларға да шықтым – осы уақыт бойы көлік бірде-бір рет жолда қалдырған емес. Кейде радио немесе есік тұтқасындағы ашу сенсоры қатып қалады. Мұның барлығы менің шағымым болып көрінуі мүмкін, бірақ мен оны шағым деп санамаймын. Мен байқаған жалғыз нәрсе – кепілдік бойынша қымбат техникалық қызмет көрсету. Бірақ Geely бір сөзбен Volvo болғандықтан, артық төлеуге тура келеді. Бірақ мұның барлығы жайлылық пен қауіпсіздігі сақталған көлікті жүргізген сәтте-ақ ұмытылып кетеді”, – дейді Алексей Алексеев.

Қытайлық көліктер уақыт сынына қарсы

Қазақстандықтарға жақсы таныс барлық америкалық, еуропалық, жапониялық және кореялық көлік уақыт сынынан өткен. Сол себепті халық оларға сенеді. Ендігі кезекте уақыт сынынан мүдірмей өту Қытай көліктерінің басты мақсаты әрі маңызды міндеті болмақ. Өйткені аспан асты елінің көліктерінің болашағы дәл осыған байланысты.

Автосарапшы Эдуард Эдоков уақыт сынынан қытайлық көліктердің бәрі бірдей мүдірмей өтпейтінін айтады.

“Бірнеше ай бұрын ресейлік басылым беттерінде Ресейге осыдан 4-5 жыл бұрын кіргізілген көліктердің шіріп, қирап жатқаны жайлы ақпарат шықты. Әрине мен 100 пайыз сенімді айта алмаймын, бірақ мұндай жағдайлар болған. Тіпті түсірілген видеолар да бар. Бұл уақытта Қытайдағы автоөнеркәсіп әлі де толық дамымаған болуы мүмкін немесе бұл көліктер өте арзан бағаға сатып алынуы да ықтимал. Бірақ қытайлық көліктердің барлығы бірдей сынақтан мүдірмей өте алмайтыны анық”, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, бұл алынған көліктің бағасына да байланысты. 

“Мәселен 5 немесе 4,5 миллион теңгеге алынған көліктердің сапасы төмен болады. Сәйкесінше бұл көліктер бір реттік ғана болуы мүмкін. Мұндай машиналарды алу Қытайда қалыпты жағдай шығар. Өйткені олар көлікті 2-3 жылдан кейін өткізіп, қайта жаңасын алады. Ал біз алған көлігімізді 5-10 жыл немесе одан да көп уақыт бойы айдап үйреніп қалғанбыз. Сол себепті арзан бағаға алынған көліктердің сапасы да төмен болуы мүмкін. Керісінше жақсы бағаға тексерілген көлік алсаңыз ол ұзақ уақыт қызмет көрсетеді”, – дейді ол.

Қытайлық автоөнеркәсіптің мүмкіндігі өте жоғары екенін айтқан Алексей Алексеев қытайлық көліктер уақыт сынынан мүдірмей өтеді деп сенеді.

“Қазір көліктердің ешқандай құпиясы жоқ. Тәсілінде, тарихы мен бренд құндылықтарында айырмашылықтар бар шығар. Бұл көрсеткіш бойынша әлі де неміс және жапон автоөнеркәсіптері басым. Бірақ Қытай олармен әлі күресіп жатқан жоқ. Олардың басты мақсаты – кәрістерді басып озу”, – дейді автосарапшы. 

Талқылау