Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ересектер қызылшаға қарсы вакцинаны қай жасқа дейін ала алады – Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қызылшаға қарсы вакцинаны ересектерге қай жаста салған дұрыс екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК басқарма төрағасы Манар Смағұлдың сөзінше, қызылшаға қарсы вакцинация тек 30 жасқа дейінгі ересектер арасында жүргізіледі. Өйткені бұл жаста ауру мен оның асқыну қаупі жоғары.

“Денсаулық сақтау министрлігінің №13 бұйрығына сәйкес, 30 жасқа дейін қызылшамен ауырған, бұған дейін вакцинацияланбаған, вакцинация туралы деректері жоқ және инфекцияға қарсы екінші профилактикалық екпе алмағандарға ауруға қарсы екпе салынады. Сондай-ақ қызылшамен ауырған науқаспен соңғы байланыста болғандарға 72 сағаттан кешіктірілмей вакцинация жүргізіледі”, – дейді ол. 

Манар Смағұл дегенмен медицина қызметкерлері қауіпті топ болып саналғандықтан оларға вакцинация 55 жасқа дейін жүргізілетінін айтты. 

“Ал балалар арасында вакцина 1 және 6 жас аралығында салынады. Бүгінде ауру жұқтырғандардың көбі 14 жасқа дейінгі балалар және иммундау жасына жетпеген сәбилер. Осы жағдайды ескере отырып, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерге нөлдік дозада екпе салынып жатыр. Одан бөлек 2 және 5 жас аралығындағы балалар арасында вакцинация жүргізіліп жатыр”, – дейді басқарма төрағасы.



Осы тұста инфекционист дәрігер Динагүл Баешева мына топтағы адамдарға қызылшаға қарсы вакцина алуға болмайтынын айтты: 

  • Медициналық көрсеткіштер бойынша онкогемотологиясы бар;
  • Иммундық жүйесі әлсіреген адамдар, мысалы, қатерлі ісікпен емделетін немесе иммунитет тапшылығы бар науқастарға;
  • жүкті әйелдерге (әсіресе бірінші триместрде);
  • вакцинаның алдыңғы дозасына немесе оның компоненттеріне, канамицин, неомицин деген дәрілерге аллергиясы барларға.

“Алайда жүкті әйелдерге босанған соң вакцинация жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ респираторлық және созылмалы аурумен ауырып жүрген адамдар да екпе алуды кейінге шегере тұрғаны абзал. Сырқатынан айыққан соң міндетті түрде вакцина алу керек. Егер адамның нақты медициналық жағдайы белгілі болса немесе қандай да бір асқынулары болса вакцинация мәселесін медициналық маманмен талқылаған дұрыс”, – дейді маман. 

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қызылшадан көз жұмған екі баланың өліміне қатысты жауап берген болатын. 

Талқылау