Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдары алаяқтық жасағаны үшін сотталып, өзі сынның астында жүрген Дайрабаев жаңа қызметке тағайындалды

Бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін ұлдары сотталған мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев су шаруашылығы кәсіпорындары мен ұйымдары қауымдастығының президенті Нұрлан Атшабаровтың орнын басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет су кеңесін Су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру үшін құрған еді. Кеңестің құрылғанына да екі жыл уақыт өтті, оның алғашқы кездесуі 2022 жылдың наурызында өткен.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, кеңесте су кәсіпорындары мен ұйымдары қауымдастығының президентінің орнын мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев басты.

Естеріңізге сала кетейік, "Ауыл" партиясының өкілі көптен бері жұртшылықтың назарында жүр. Бұған дейін депутаттың екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалықов алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.  Олардың мүлкі тәркіленіп, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.



Содан кейін Василий Ковешников есімді азамат Дайрабаевтар отбасында екі жыл құлдық жағдайында өмір сүргенін айтып, шағымданған. Кейін белгілі болғандай, ер адамның қолында байланыс телефоны мен құжаттары болғанымен, оған жалған субсидияларға алынған құлпынай алқаптарын қорғағаны үшін ақша төленбеген.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Жамбыл облысындағы Мерке ауылының тұрғыны видео жариялап, 140 миллион теңгелік үйін Жигули Дайрабаев "заңсыз тартып алды" деп мәлімдеген. Айтуынша, Дайрабаев сот процесіне араласып, үйді өз атына рәсімдеп алған. Ал баспана ұжымдық басқаруда болғандықтан, Дайрабаевқа келісімсіз берілмеуі керек еді дейді. 

Ауған соғысының ардагері Саит Рузиев үйді Жигули Дайрабаевқа сатып жіберген әйелімен бірнеше жыл бойы соттасып келген. Сөзінше, бұрынғы әйелі оның келісімін алмай, жалған құжаттар дайындап, жер үйді Жигули Дайрабаевқа сатып жіберген. 

Көп ұзамай Жигули Дайрабаев өзін "жер үйді тартып алды" деп айыптағандарға жауап беріп, мұны жоққа шығарған еді. Депутат нотариус арқылы жасалған келісімшарттың заңды екенін алға тартып, үй иелерінің құқығы сақталғанын мәлімдеді. Кейін депутатты айыптаған азамат сотта жеңіп шықты.

Талқылау