Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бардағы жұмысымды тастап, басқа салаға барғым келді": Қаржы пирамидасына алданған бойжеткен оқиғасын айтып берді

Элиталы жерлер, қымбат көлік пен жылтыраған өмір кім-кімді болмасын қызықтырары сөзсіз. Алайда осы бір көз қызықтырар дүниелермен арбау арқылы талайды барынан айырған қаржы пирамидасының зиянын шегіп жүргендер әлі де бар. Бүгін біз қаржы пирамидасына алданған 20 жастағы көкшетаулық бойжеткеннің оқиғасымен бөлісеміз. Ол 1 миллион 600 мың теңгеге жуық ақшаны несиеге алып, осында салған. Түнгі клубта бармен болып жұмыс істеген ару бар болғаны басқа салаға ауысқысы келгенін айтады. Бойжеткен Stan.kz тілшісіне оқиғасымен бөлісті.

“Басқа жұмысқа тұрғым келді”

Қаржы пирамидасына кірген кезінде Мәриямның (кейіпкердің өтінішімен аты өзгертілген) жасы 19-да болған.Түнгі клубта бармен болып жүрген бойжеткенге сол кездері өзінің жұмысы ұнамапты. Ақыры басқа салаға барып өмірін өзгерткісі келген аруға дәл сол сәтте Данияр есімді жігіт жолыққан.

“Жұмыстан шығу үшін орныма жаңа қызметкер іздедім. Сол кезде Данияр келді. Оған бардағы барлық міндетті үйреттім де қызметімді аяқтадым. Екі аптадан соң Данияр маған қайта хабарласып жаңа жұмыс ұсынды. Себебі ол менің сол кездерде бос екенімді білген еді”, – деді Мәриям.

Жігіт Мәриямға бұл жұмыстың туристік агенттік екенінен басқа ешқандай ақпарат айтпаған. Тек кездесуге келгенде ғана бәрін көрсетіп, түсіндіретінін жеткізген.

“Барғанымда маған Даниярдан басқа бейтаныс адамдар презентация көрсетті. Олар өз жұмыстарын “сетевой маркетинг” емес, тікелей сату екенін айтып түсіндірді. Кейін өзімнің қол астыма көптеген адамды шақыруым керек екенін ескертті. Түрлі мысалдар мен тәсілдерді айтты”,- деп қосты ол. 

Дегенмен ару іштей бұл ұсынысқа толықтай сенімділікпен қарамағанын алға тартты. Алайда өзін жанашыр досындай етіп көрсеткен Данияр Мәриямға барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтып сендірген. Тіпті үйіне шақырып, анасының да осы салада табысқа жетіп жатқанын мысал еткен.

“Науқас інісін осы бизнестегі табысымен емдегенін айтты”

“Маған презентацияны таныстырған оның құрбысы өзінің інісінің емделмейтін аурумен науқас екенін жеткізді. Осы бизнестің табысының арқасында науқас інісінің емін төлеп жүргенін айтты. Тіпті тапқан табыстарының чектерін көрсетті. Жалпы сендіретін мысалдары мен дәлелдері көп болды”, – деп қосты ол.

Презентациядан соң Данияр достарымен бірге Мәриямды үйіне дейін шығарып салған.

“Көлікте бірнеше досы болды. Олар мені өздерінің қатарларына қосылуға үгіттеп, несие алып көруімді сұрады. Іштей өзіме несие рәсімделмейтінін жақсы біліп отырдым. Себебі зейнетақы қорымда қаражат та болмады. Одан бөлек, онсыз да кішігірім несиелерім бар еді. Бір кезде алдағы екі жігіт менің шотыма 800 мың теңге аударып, кері өздеріне қайта аударды. Осылайша, маған несие беру мүмкіндігін ашып берді. Қайта несие рәсімдеуге өтінім бергенде маған 800 мың теңгеге жуық қаражат түсті. Кейін бір аптадан соң, микронесиелерден тағы да ақша алып, жалпы көлемі 1 миллион 600 мың теңгедей қарызға баттым”, – деді бойжеткен. 

“Жақындарым мен достарым араласпай кетті”

Осылайша, Мәриям өзінің бұл жұмысқа қалай тез кірісіп кеткенін де байқамай қалғанын айтады.

“Бұл жұмысқа кіргенімде өзгелер секілді қайда істейтінімді басқалардан жасырмадым. Бәріне Q-net-те екенімді жайып салып жүрдім. Мұның соншалықты жаман екенін түсінбеппін де. Осы сәттен бастап жанымдағы жақындарым мен достарым менімен араласпай, алшақтай түсті”, – деді бойжеткен.

Мәриям уақыт өте келе іштей өзінің адасқанын өзгелерге өтірік айтуға мәжбүр болған кезде түсінген. 

“Неге мен жұртшылыққа өтірік ақшаны көрсетіп, жағдайымның жақсы екенін айтуым керек деген сауалдар мазалай түсті. Күнде несиемді немен төлеймін деген уайыммен ұйықтайтынмын. Олар маған әлем елдерін 80 пайыздық жеңілдікпен аралауға болады деп карта ұсынған. Бұл картаның да жалған екенін білгенде тіптен сенімім таусылды. Қарызға батып жүріп, жұрт көзіне миллионер болып көріну менің көңілімді құлазытты. Барлығын түсіне бастадым”, – деп қосты ол. 

Мәриям анасына бұл жұмыс туралы кейін бір-ақ айтқан.

“Гүл сататын дүкен мен колл-орталыққа жұмысқа тұрдым. Күніне 16 сағат тынымсыз еңбектендім. Алайда өзгелер секілді күйзеліске түсіп, өмірден түңілмедім. Себебі оған уақытым да жоқ еді. Мені алдап, ішкі сезімдерімді пайдалынып, ақшамды алғанын түсінгенімде үлкен мақсат пайда болды. Қалай да олардың кеңселерін жауып, түрмеге тоғытып, ақшамды қайтарып аламын деп өзіме уәде еттім. Сол мақсатыма жету үшін барымды салдым”,- деді бойжеткен. 

“Миллион теңге өмірден қымбат емес”

Ару полицияға бірнеше рет барғанымен оның арызы қабылданбапты. Құқық қорғаушылар түк шықпайтынын айтып, ақшаны енді қайтара алмайтынын жеткізген екен.

“Болмаған соң мен секілді алданғандармен бірге 40 шақты адам болып арыз жазуды ұйғардық. Сонда ғана біздің шағымымыз қабылданатын еді. Кейін бір жылдан соң қаржы пирамидасының басшысын қамады да біз өзіміздің ақшамыздың кішкене бөлігін болса да қайтарып алдық”, – деді бойжеткен. 

Мақсатына жеткен Мәриям өмірінде өткен осы кезеңнің өзіне үлкен сабақ болғанын жасырмайды.

“Бәрі ұмтылған соң, желіге қаржы пирамидасына алданғаным туралы видео жариялаған едім. Көпшіліктен мен сияқты алданып, тіпті өлімге дейін барғандары туралы түрлі хабарламалар алдым. Менің ойымша, миллион теңге өмірден қымбат сома емес. Өз өмірімізді миллион теңге үшін қиюдың қажеті жоқ деп ойлаймын. Деніміз сау болып, жұмыс істесек бәрінен де құтылуға болады. Сондықтан әрбір қиындықты сынақ деп қабылдап, ешқашан сағымызды сындырмау керек. Көпшілікке осындай кеңес айтар едім”, – деп қорытты бойжеткен.

Талқылау