Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде қайыр сұрайтын әйелдің үнемі ұйықтап жататын бүлдіршіні тұрғындарды алаңдатты

Өскеменде баласымен қайыр сұрап отыратын әйел жауапқа тартылды. Тұрғындардың айтуынша, оның қолындағы бүлдіршін үнемі ұйықтап жатады екен. Баланың жағдайына алаңдаған тұрғындарға әйел агрессия көрсеткесін, полицияға хабарлауға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Баланың жағдайын білгісі келген тұрғындарға әйел ашуланып жауап берген. Кейін құқық қорғаушылар кішкентай қыздың оның немересі екенін анықтаған. Әйелге бұл әрекеті үшін айыппұл салынды. 

“Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп, тексеру нәтижесі бойынша әйел ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 449 және 492-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция департаменті қоғамдық орындарда қудалау әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын, ол айыппұлдан бастап әкімшілік қамауға дейін жазаға әкеп соғатынын еске салады", – деді Шығыс Қазақстан полиция департаменті баспасөз қызметі.

Қайыр сұрағаны үшін әйел 17 мың теңге айыппұл төлейтін болады.

Сонымен қатар, бүлдіршіннің денсаулығына тексеріс жүргізілмек. Полицейлер қызға ұйықтататын қандайда бір дәрілік препарат берілуін анықтамақ. Бұл отбасының Солтүстік Қазақстанда тұратыны да белгілі болды. Олар әртүрлі қалада осылай қайыр сұраумен айналысады екен.

Қоғам белсенділері мұндай бизнесті айыппұлмен жою мүмкін емес екенін айтуда. Ал қайыршылардың бөтеннің балаларын "жұмысқа" алып кеткен де жағдайлары болған.

"Оларды аяп, кешірім берудің орнына қоғам бірінші болып қадам жасауы керек. Біз оларды балаларды пайдалану мүмкіндігінен айыруымыз керек. Баласы бар әйел көшеде жүрген жағдайды көрсек, ең алдымен баланы қорғау үшін шұғыл шаралар қолдануымыз қажет", – деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облыстық "Экоконсент" қоғамдық денсаулықты және қоршаған ортаны қорғауға жәрдемдесу қауымдастығының президенті Татьяна Чернышова.

Талқылау