"Күйеуіңізді тартып алады деп қорықпайсыз ба?": Павлодар қалалық мәслихат депутатының сөзі желіні шулатты
Павлодар қаласының №8 округінің мәслихат депутаты Гүлжайна Даримованың Instagram парақшасындағы видеосы көптің ашуын туғызды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қоғам белсендісі, блогер Жан Ахмадиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Блогер жүктеген видеода Мәслихат депутаты Гүлжайна Даримова жекесіне келген кей хаттарға жауап берген екен.
"Маған жекеме былапыт сөздер жазып, мені "көргенсіз" деп айыптап жатқандарға айтарым "Мен сіздердің мекенжайларыңызды тауып алып, күйеулеріңізді, балаларыңызды немесе әкелеріңізді тартып алады" деп қорықпайсыздар ма? Мен қазір сондай жастамын, мен үшеуін де оп-оңай әкетуім мүмкін. Сол үшін не болса, соны жазар алдында ойланыңыздар", - дейді мәслихат депутаты видеода.
Өз кезегінде Жан Ахмадиев қыз-келіншектерге сақ болуға кеңес берді.
"Танысып қойыңыздар… Павлодар қалалық маслихатының депутаты Гүлжайна Даримова. Қыздар күйеулеріңіз бен әкелеріңізге сақ болыңыздар. Тартып алып кетпесін", - деп жазды блогер.
Белгілі болғандай видео 2022 жылдың желтоқсан айында жарияланған екен. Депутат ол видео үшін еш ұялмайтынын жеткізді.
"Маған ер азаматтар жазыла бастады, директке хат жазып жатыр. Сондықтан да біз дұрыс жолмен келе жатырмыз. Солай емес пе қыздар? Мен еш уайымдап жатқан жоқпын. Маған барлық таныстарым хабарласып жатыр. Енді болған нәрсе болды. Жазылып жатқан пікірлер мен үшін маңызды емес. Менің видеомды бір "есі дұрыс емес" жариялап жіберіпті, мейлі жаман жарнама да жарнама. Маған бәрібір. Қажет болса өз мандатымнан бас тартуға дайынмын", - деді ол.