Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

12 жыл бұрын ұрланған бала Мәскеуден табылды

Мәскеуде 12 жыл бұрын ұрланған бала табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Комсомольская правда" газетіне сілтеме жасап. 

3 жасында ажырап қалған егіздер Саша мен Гриша

Басылым мәліметінше, жақында Ресей астанасындағы ХҚК қызметкері жасөспірімге төлқұжат алу үшін құжаттарды рәсімдеу кезінде оған баланың ұрланғаны және федералды іздеуде екендігі туралы хабарлама келген. Ол дереу полицияға хабарласқан.

Келген жедел уәкілдер баланың шамамен 12 жыл бұрын жоғалып кеткен 14 жастағы Александр К. екенін анықтаған. 

"Полиция бөліміне із-түзсіз жоғалып, федералды іздеуде жүрген 2007 жылы туған кәмелетке толмаған Александр К. жеткізілді. Баланы іздеу ісі 2010 жылы, бала небәрі үш жаста болғанда басталған болатын. Баланың анасы полицияға жүгініп, егіз ұлдарының бірін әкесі ұрлап кеткенін айтқан. Кейіннен РФ Қылмыстық кодексінің 126-бабы "Адам ұрлау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы уақыт бойы бала іздеуде болды", – дейді құқық қорғау органдары.

Анықталғандай, Сашаның әкесі 15 жыл бұрын әйелін егіз балаларымен тастап, кетіп қалған. Үш жыл ғана ара-тұра келіп, балаларына қарап тұрған көрінеді. Егіздердің бірі сал ауруына шалдыққан екен. Бір күні әкесі сау баласын қыдыртамын деп шығып, онымен бірге жоқ болып кеткен. 

Әйеліне Сашаны басқа елге алып кеткенін айтып, қоңырау шалады. Әйелдің ажырасуға өтініш беруіне тура келген. Өйткені полиция “ұрлау” бабы бойынша қылмыстық істі солай ғана қозғай алған. 

Полиция баланы Ресейдің түкпір-түкпірінен іздеген, бірақ нәтиже болмаған. Әкесі ұлын Минск қаласына апарып, олардың осы 12 жыл бойы сонда тұрғаны белгілі болды.

"Есімді білгелі өмір бойы Беларусьте әкеммен бірге тұрамын. Мәскеуде менің анам мен егіз інім бар екенін білдім, бірақ олар мүлдем есімде жоқ. Әрқашан әкем екеуміз бірге болатынбыз, кейде әжем бізге қонаққа келетін. Ол әкеме үй жұмыстарын істеуге көмектесіп, тамақ дайындап беретін. 2022 жылдың басында әжем мені Мәскеуге РФ азаматының төлқұжатын алу үшін алып кетті", – деді жасөспірім. 

Баланың айтуынша, оған қатысты заңсыз әрекеттер жасалмаған. Полиция қазір отбасының жағдайын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Талқылау