Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біртановтың ісі: Ericsson Nikola Tesla компаниясының өкілдері алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің ісі бойынша алдын ала болған сот тыңдалымы кезінде қазақстандық құқық қорғау органдары хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясының өкілдеріне қарсы іс қозғағаны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Тергеу барысында Ericsson Nikola Tesla компаниясының лауазымды тұлғаларын анықтау бойынша барлық шаралар қабылданды. Осы мақсатта халықаралық тапсырым жіберілді. Алайда, ол бойынша оң нәтижелердің болмауы қылмыстық істі бөлуге негіз болып тұр. Бұл ҚІЖК талаптарына қайшы келмейді. Осы жағдайда Біртанов пен Әбішевтің әрекеттері ҚР ҚК 361-бабы ("лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану") бойынша қаралуда. Ал Ericsson Nicola Tesla компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша басталды. Қозғалған іс өз бетінше тергеледі. Өйткені оның нәтижелері Біртанов пен Әбішевтің кінәсін дәлелдеуге әсер ете алмайды”,  – деді прокурор Шекенов. 

Бұл іс туралы белгілі болғаннан кейін бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сөз сөйледі. Ол Ericsson Nicola Tesla компаниясына қатысты тергеу шараларының нәтижесі жарияланғанға дейін бұрынғы вице-министр Әбішевпен істі қарауды тоқтата тұру туралы өтініш білдірді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысының пікірінше, алаяқтық туралы іс бойынша Қазақстан Үкіметінің ұстанымын анықтау қажет.

“БАҚ-тан АФМ оларды алаяқтық жасады деп күдіктенгені немесе айыптағаны туралы ақпарат алғаннан кейін, менің ойымша, ертең олар біздің елімізге тиісті шағымдар жасайды. Бұл үлкен халықаралық іс-шараларға жетпейді деп үміттенемін. (...) Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі Ericsson Nikola Tesla компаниясына қарсы айыптауды қолдаса, онда сұрақтар жоқ. Сол кезде біздің сот талқылауымызды Қазақстан азаматтарының заңды мүдделері үшін тәуекелсіз жалғастыруға болады деп санаймын”, – деді Біртанов. 

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Денсаулық сақтау министрлігін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі барлық қазақстандық ауруханалар үшін платформа құру және денсаулық паспортын енгізу үшін Ericsson Nikola Tesla компаниясымен 17 млн доллардан астам сомаға келісімшарт жасасқан болатын. 

Талқылау