Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Халқымызды қырып тастамаса игі еді” деп жүрегімізді шүберекке түйіп отырдық": Германиядағы қандасымыз Қазақстандағы тәртіпсіздіктер жайлы

Назым Сахай – Моңғолиядан Германияға қоныс аударған қазақ қызы. 1997 жылы Еуропаға көшіп келген ол Нюрнберг қаласында дәрігер болып жұмыс істейді. Одан бөлек, медицина саласы бойынша дәріс оқиды. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қандасымыз Германияға қалай қоныс аударғаны, мұндағы қазақтардың жайы туралы әңгімелеп берді. 

– Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Германияға қалай, қайдан қоныс аудардыңыз. 

– Өзім қазақ болғаныммен, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келдім. Бес жасымнан астанасы Улан-Баторда тұрдық. Моңғол мектебінде, медициналық институтында оқыдым. Әкемнің жұмысына байланысты ел астанасында өмір сүрдік. Студент кезімде тұрмыс құрдым. Жолдасымның ұлты моңғол еді. Өмірден ерте қайтты. Мұнда келгеннен кейін тұрмысқа шықпадым. Жолдасымнан қалған қызымды өгей әкеге қаратқым келмеді. Германияда алдымнан екі жол көрініп тұрды. Өмір бойы тазалықшы болып жұмыс істеу немесе өзімнің кардиология мамандығымды тереңдетіп оқу керек еді. Сөйтіп 2000 жылға дейін үш жыл білімімді жетілдіріп,  дәрігер атандым. 

– Германиядағы қазақтармен араласып тұрасыз ба? 

– Германияға келген соң 19 жылдан кейін ғана басқа қазақтардың бар екенін білдім. 2013 жылы Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстандағы достармен таныстым. Сонда Германияда мен және қазақ елшілігі ғана бар деймін ғой. Енді 19 жыл ішінде ешбір қазақ баласын көрмегенмін. Кейін Даниядағы Қажы Акпар Аюбимен таныстым. Ол Германиядағы қазақтармен таныстырып, Еуропа қазақтарының құрылтайына шақырды. 2016 жылы алғаш рет қазақтарымызды көріп, көзімдегі жасты тыя алмай қалғаным бар. Германияның Келен қаласында құрылтаймыз өтті. 2017 жылдан бастап "Наурыз тобы" деген ұйым құрдық. Кейін Бельгия мемлекетінде  кездесуіміз өтті. Әлемдік пандемияға байланысты шараларымыз тоқтап қалды. "Бала білім тобы" деген ұйымымыз арқылы жетім балаларға арнап Қазақстанға ақша жібереміз. Қазақстан коронавирустан зардап шеккенде медициналық аппараттарды жібердік. Шетелдегі қазақ дәрігерлері дәрі-дәрмектерін де берді. Маған да басқа қаладан қандастарымыз келеді. Шамам келгенше дәрігерлерге қаратып, өзім де денсаулығын тексеріп жіберемін. 

Құрылтайға барғанда өз көзіммен көрдім. Мюнхеннен келген қазақтардың көбісі Иранда туған. Олар салт-дәстүрлері мен тілдерін жақсы сақтапты. Бәрі де қазақ тілін біледі. Енді жастарымыз ауытқиды ғой. Түркиядағы қазақтар кездесуде қымыз дайындап қойған екен. Енді тамақтарында қазы-қарта тұратын шығар десем, кілең түріктің тағамдары. Жастары да бір-бірімен түрік тілінде сөйлесіп отыр. Иран қазақтары тілдерін жақсы сақтаған. Ауылдары басқа ұлттарды қабылдамаса керек. Ал түріктер өздеріне қазақтарымызды сіңіріп жіберген. Күшпен емес, халықты араластырып қоныстандырған ғой. Біздің жасымыздағылар да бір-бірімен түрікше сөйлесіп жүр. Үйге келгенде балаларымызбен қазақша сөйлесу керек. Өзімнің науқастарым мен студенттерім бар. Күнделікті 14 сағат немісше сөйлеймін. Үйге келген сәтте аузымыздан да неміс тілі шығып кете жаздайды. Бірақ қазақша сөйлеуге тырысамын. Өйткені ана тілімізді сақтауымыз қажет. Мюнхендегі қазақ ақсақалдары өте таза сөйлейді. Әйелдері еркегінің алдында мүлдем дауысын көтермейді. Мұндай ескі салт-дәстүр де жақсы сақталған. 

– Отандастарымызды Германияда емдетуге көмектесемін деп қалдыңыз. Жалпы неміс медицинасы дамыған жүйелерінің қатарында ғой. Германияда дәрігерлердің жұмысына жағдай жасалған ба? 

– Қазақстандық әріптестерім біздің медицинаға көп қызығады. Біздегі жағдайды атамекенмен салыстырсақ, расымен мүлдем басқаша. Атажұрттағы әріптестеріміз халыққа жақпаймыз деп айтады. Елдің жемқорлыққа үйренгені сонша, дәрігерлер де адамның қолына қарайды екен. Халықтан да кері пікір қалыптасқан. Туысына ота жасайтын сәтте, өздері қалтамызға ақша салып береді дейді. Халық пен дәрігерлердің арасында сауда сияқты қалыптасқан жүйе бар. Кейбіреулері көп жұмыс жасаймыз, алайда айлығымыз өте аз деп жатыр. Жалақы мәселесіне көбісінің көңілі толмайды. Жұмыс істесек те көрінбей қаламыз деп жатады. Бізде дәрігерлердің айлығы өте жоғары. Қазақстанда 200-300 мың алатындардың өзі жалақыларын азсынады. Бұдан бөлек, медициналық аппараттар көңілдерін көншітпейді екен. Жаңа аппараттар тек Қытайдан келеді дейді. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, Германияда ең алғаш BioNTech отандық вакцинасы шығарылды. Америкалық Pfizer мен BioNTech екеуінің құрамында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ. Дегенмен бізде өз өнімдерін алға қояды. Мәселен, Қазақстан QazVac екпесін шығарса да, Ресейдің Спутник V вакцинасына басымдық  берді. Бұл жақта өз өнімдерін қатты қолдайды. Екпенің құжатын сатып алу атымен жоқ. Ешкім өздерін олай алдамайды. Бұлар халыққа "екпені алмасаңыз, сізге және жақындарыңызға қауіп төнеді" деп түсіндіреді. Екпе алған адамдардың бәрінде құжат бар. Оларға қоғамдық орындар да шектеу жоқ. Жалпы, немістер өз билігіне сенетін халық. Қарттар мен балаларға салдырмаймыз деп, қарсылық білдіретін топтары да бар. Екпе алғылары келмейтіндердің көбісі шетелдіктер. Біз сияқты Германияға көшіп келіп тұрақтап қалғандар ғой. 

Қазақстанда болған тәртіпсіздіктер жайлы естіген шығарсыз. Жалпы Германия билігі қандай пікірде болды? 

– Жалпы неміс билігі орыстарды ұната бермейді. Олар ҰҚШҰ әскерлері кірді деп емес, орыс әскерлері Қазақстанға енді деп көрсетті. Олар Ресей Қазақстанды иеленіп алады деген сияқты пікірлерді де жазды. Немістер Қазақстанның қазіргі билігіне сеніп отыр. Бізде саяси институтта сабақ беретін мұғалімнің айтқаны бар. Өзі 2017 жылы елдегі халықаралық ЭКСПО көрмесіне барған. Қазақстанды жіті бақылап отырады. Сол кісі Қасым-Жомарт Тоқаевты екі жылдың ішінде шаршаған дейді. Бастапқы кездері жақсы жобаларды бастады, бірақ көбісін бұрынғы билік ықпалы орындатпай да қалды деген. Жобаларының іске аспауына да басқаларды кінәлі санайды. Қазір Қазақстанға жаңа парламенттің құрылғанын дұрыс деп есетейді. Өз басым да қазіргі билікке сенім арту керек деген ойдамын. Халықтың да мүмкіндік бергені дұрыс. 

Видеолардан болған жайттарды көріп, есім шықты. Ғаламтор үзілген соң қорқа бастадым. Сырттан әскер келеді дегенді естіп, “халқымызды қырып тастамаса игі еді” деп жүрегімізді шүберекке түйіп отырдық. “Наурыз тобы" ұйымымен ақылдасып, ел президенті мен атажұртымызға үндеу жазамыз деп шештік. Қайтыс болғандардың суреттері шыққанда "қайран қазағым-ай, басына тағы қандай күн туды?" деп қалдық қой. Қазақ болғаннан кейін жүрегіміз ауырды. Біздің қолдан басқа не келеді? Бәрі дұрысталады деген үміт бар. 

– Қазақстанда нені өзгерткен жөн деп ойлайсыз? 

– Менің ойымша, білімді жастарға жан-жақты мүмкіндіктер беру керек. Тек байдың ғана емес, оқуға шамасы жетпей жүрген балаларға да толыққанды жағдайлар жасалсын. Тұрмысы нашар болса да, жақсы оқитындарды мектеп жасынан қолдаған дұрыс. Өмір тауқыметін көрген балалардан, жақсы азаматтар шығады деп олаймын. “Қазақстанның кейбір оқу орындарында диплом сатып алуға болады” дегенді естіп, жағамызды ұстаймыз. Дипломын сатып алған дәрігер адамды өлтіреді ғой. Бұдан мемлекет дамымайды, өркендемейді. Жастардың зиялылық жағын зерделеу керек. Нағыз талантты жастарға қолдау білдірген жөн. Халықтың өзі ақша беруге де үйреніп қалған. Мұны жою үшін атажұртымызға тағы 30 жыл керек сияқты.

– Болашақта атажұртқа оралам деген ниетіңіз бар ма?

– Қызым қазір магистратурада оқуда. Арманым атажұртқа көшіп бару. Алдағы уақытта не болары белгісіз. Зейнетке шыққан соң, ағаларым үй салып береміз дейді. Олар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұрады. Жырақта жүргенше, өзімізге келіп алсаңдар деп жатыр. Әлі зейнет жасына жетпедім. Қызым да оқуын бітіруі керек. Бастысы атамекеннен топырақ бұйырса екен. Атажұртқа бұрындары барғанмын. Елге барғанда тек жақсылық көремін. Туыстарымыздың кішкентай балалары қазақша былдырлағанда, бойымда ерекше сезім пайда болады. Әуежайдан "қош келдіңіз" деп тұрғанда, қазақ екенімізді мақтан тұтамын. 

– Сұхбатыңызға рахмет! 

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

Талқылау