Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бір жылда жұмыс орнында қанша адам қаза тапты

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша қабылданған шаралардың арқасында соңғы 5 жылда зардап шеккендердің саны 10,7%-ға, оның ішінде өндірісте қаза тапқандардың саны 16%-ға азайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиевтің сөзінше мемлекет қызметкерлердің құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды талаптарының бірі ретінде қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.

"Қазақстанда жыл сайын кәсіптік аурулардың 400-ден астам жағдайы тіркеледі. Соңғы 3 жылда олардың саны 21%-ға азайды. Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендер саны 10,7%-ға оның ішінде қаза болғандар саны – 16%-ға азайды. Жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 1000 жұмысшыға шаққанда 0,32 - ден 0,23-ке дейін төмендеді", – деп хабарлады Ербол Нұрғалиев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында еліміздің кәсіпорындарында 1062 адам зардап шекті, оның ішінде 140 адам қаза тапты.

Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2020 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн қызметкерінің 367 мыңы (22%) зиянды еңбек жағдайларында еңбек еткен. Олардың ең көп саны Қарағанды (74 мың адам), Павлодар (46 мың адам), Шығыс қазақстан (37 мың адам) және Маңғыстау облыстарында (32 мың адам) жұмыс істеді.

Экономика салалары бөлінісінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен өндіру (120,8 мың адам) және өңдеу (112,9 мың адам) салаларына тиесілі.

Шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (46%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы әсерінен – әрбір үшінші (32%) жұмыс істеді. Ауыр дене еңбегімен 94 мың адам (тексерілген кәсіпорындар қызметкерлері санының 5,7%) айналысқан.

Талқылау