Балтамен кассаны шаққан: Алматыда банк тонағандарға сот үкімі шықты
Алматыдағы банк бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасаған үш азаматқа сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі қылмыскерлерге шығарылған үкім туралы айтты.
"Аталмыш іс бойынша 3 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды. Олардың ішінде біреуі тонау үшін ғана емес, сонымен қатар ірі көлемдегі алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Қарақшылық қылмыстың тағы екі сыбайласы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар алаяқтығы үшін сотталған адамнан іс бойынша жәбірленушілердің пайдасына шамамен 60 млн теңге мөлшерінде келтірілген материалдық залалды өндіріп алу туралы шешім шығарылды", – деді баспасөз қызметінде.
Үкім заңды күшіне енді және орындалды. Сотталғандар жазасын өтеуге жіберілді.
Айта кетсек, 2020 жылдың 15 қазаны күні Kaspi банктің бөлімшесін тонау мақсатында нысанға үш қылмыскер баса көктеп кірген болатын. Қарақшылардың бірі балтамен кассаның шыны терезесін сындырып, ішке енген. Ұрланған сома 2 394 830 теңгені құрады.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
