"Айына 110 мың теңге алады": Білім министрі жас мұғалімдер жалақысын көтеру туралы сұраққа жауап берді
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жас мұғалімдердің жалақысын өсіру туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Жалақы көтеріліп жатқанына қарамастан, жас мамандар айына 110 мың теңге ғана алады. Ал орташа жалақы шамамен 300 мың теңге. Ірі қалаларда даяшылар мұғалімдерге қарағанда көп ақша табатынын ескерсек, ұстаздардың еңбекақысын көтеру үшін қандай шаралар қабылдануда?", – деп сұрады БАҚ өкілдері білім министрінен.
"Жас мұғалімдерге келсек, екі жыл ішінде олардың жалақысы орта есеппен 2 есеге өсті. Сондай-ақ бұл жерде қаржыдан бөлек, басқа да ынталандыру факторлары бар. Біз оларды мектепке білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды тарту үшін қолданамыз", – деді министр.
Аймағамбетов педагогика мамандықтарына шекті балл 75-ке дейін көтерілгенін еске салды. Айтуынша, меже өскенімен, педагогика мамандықтарына бөлінген гранттардың барлығы игерілген.
"Егер былтыр бөлінген гранттарға конкурс 14 мың адамды құраса, биыл 20 мың адамнан асты. Өткен жылдары орташа балл 60 балдың шамасында болса, қазір орташа балл ұлғайып, осы жылы 96 балды құрады. Яғни бұл соңғы 1,5-2 жыл ішінде жастардың, мықты түлектердің педагогика мамандығына деген қызығушылығы артқанын көрсетеді", – деді Аймағамбетов.
Ол болашақ мұғалімдердің стипендиясы да өскенін атап өтті. Қазір педагогика мамандықтарында оқитын студенттер ай сайын 50 мың теңге алады.