Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Терезеден секірген: Боранқұл кен орнында өрттен зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы Боранқұл кен орнындағы өрт кезінде зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Хабарламаға сәйкес, 6 қыркүйек таңғы сағат 5.30-да Бейнеу ауданындағы Боранқұл кен орнында "ҚазМұнайТеңіз" жатақханасында өрт шыққан. "ҚазМұнайТеңіз" компаниясының медицина қызметкерлері өз күштерімен екі зардап шеккен адамды Боранкөл аудандық ауруханасына апарған. 

“Зардап шеккендердің бірі 1984 жылы туған Бейнеу ауданының тұрғыны. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Есін жоғалтпады. Геодинамикалық көрсеткіштері тұрақты. Дәрігерлер екі өкше сүйегінің жабық сынуы, сүйектің ығысуы, сол жақтағы сыртқы білектің жабық сынуы, саусақ сіңірлерінің зақымдануы, оң қолдың кесілген жаралары деген диагноз қойды.  Науқас Бейнеу аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Маңғыстау облыстық ауруханасының травматологиялық бөлімшесіне ауыстыру жоспарлануда.

Тағы бір науқас – Атырау облысы Құлсары қаласы Жылыой ауданының 1965 жылы туған тұрғыны. Ол ауруханаға жеткізу сәтінде есінен танып, денесіндегі түрлі ауруларға шағымданды. Қазір жалпы жағдай қанағаттанарлық деп бағаланады. Есін жиды. Диагнозы: улы газбен улану. Қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында. Жақын арада амбулаториялық емдеуге үйлеріне жіберіледі”, – делінген хабарламада. 

Екеуі де вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олар өрт кезінде терезеден секіргеннен кейін әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Кен орнында өртенген жатақханада 10 адам болған. Екі адам қаза тапты. Олардың бірі – 1963 жылы туған ер адам Ақтау қаласының тұрғыны. Ал екінші қаза тапқан әйел 1976 жылы туған, Бейнеу ауданының тұрғыны. Қалған 6 адам өзге жатақханаға көшірілген. Қазір уақытта өрт сөндірілді.

Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиға орнына "ҚазМұнайТеңіз" ЖШС филиалының басшылығы барды. "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-да Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың жетекшілігімен оперативтік штаб құрылды. Жедел штабтың құрамына тиісті құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері кірді.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы Боранқұл кен орнындағы жатақханада өрт болып, екі адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Талқылау