"Қызметке тұруға 4 жыл уақытым кетті": Қазақстандық жігіт Нью-Йоркте қалай полицей болды
Қазақстандық Нью-Йорк қалалық полиция департаментінің офицері Данияр Нұртаза полиция қызметкері атану үшін кәсіпкерліктен бас тартқан. Америкаға інісін оқытуға барған ол арманын сол жақта жүзеге асыратынын ойламағанын айтады. Қазіргі таңда Нью-Йорктің үш миллионға жуық адам тұратын Бруклин ауданында қызмет атқаратын азамат метрода толғағы қысқан әйелді босандырып алуға көмектесіп, БАҚ назарына іліккен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Тurkistan басылымына сілтеме жасап.
Полицейдің айтуынша, ол Америкада тұруды еш армандамаған.
“2002 жылы мектеп бітірген інім Колумбия университетінде оқығысы келді. Мақтанғаным емес, бірақ інім – өте талантты жан, математикадан олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Отбасымызбен ақылдаса келе, оқимын, талпынамын деген баланы бетінен қақпай, керісінше қолдау білдірейік деп шештік. Оның үстіне, оны бөтен елге жалғыз жібергіміз келмеді. Оған қоса, інімнің оқу ақысын төлеуді өз міндетім деп санадым. Ол кезде мен жиырма жаста болатынмын. Сөйтіп Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатқан оқуымды тастап, осында келіп, жұмыс істедім”, – дейді полицей.
Данияр бастапқыда бейнетаспа сататын салонда жұмыс істеген. Ал бос уақытында ағылшын тілін үйрететін оқулықтар арқылы тіл үйренген.
“Сосын автокөлікті тұраққа қоюшы болып жұмыс істедім. Кейіннен даяшылар жақсы жалақы алатынын естіп, "Баку" мейрамханасына жұмысқа тұрдым. Даяшы болып жұмыс істеп жүріп, жергілікті университетте туризм мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң, Delta әуекомпаниясына клиенттерге қызмет көрсету бөлімінде бес жыл бойы еңбек еттім. Мұнда жүріп көп нәрсені, әсіресе адамдармен қалай тіл табысу керек екенін үйрендім”, – дейді азамат.
- "Тіл үйренгенің үшін айына 300 мың теңге төлейді": Канадаға отбасымен көшкен қазақ қызы елдің мәдениеті, шетелдегі қазақтар жайлы
- "Бір сағат ішінде дайындалып, ұшып кеттік": Қазақстандық ұшқыштар Ауғанстаннан адамдарды қалай эвакуациялағанын айтып берді
Сондай-ақ Данияр сол екі аралықта Қазақстанға көлік әкелумен айналысқанын айтты. Бизнесі өркендесе де, жанына жақын қызметпен айналысуды жөн көріпті.
“Нью-Йорк қалалық университетінде маркетолог мамандығында оқи жүріп, Қазақстанға көлік әкелумен айналыстым. Бұл істе Алматыдағы жақын достарым маған көп көмектесті. Бұл кішігірім бизнес бірте-бірте ұлғайып, үлкен кәсіпке айналды. Сосын бұл іске осында жүрген қазақтарды жұмылдырдым. Сондай-ақ елдегі азаматтарды да іске тарттым. Бірақ Қазақстан Кеден одағына кіргеннен кейін автобизнестен біржола қол үзу керек екенін түсіндім. Бұл қанша жерден табысы мол кәсіп болса да, заңды түрде жұмыс істеуіме мүмкіндік беретін әрі жаныма жақын қызметпен айналысқым келді”, – дейді ол.
Полицей құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді бұрыннан армандаған көрінеді.
“Әкем мен анамның туыстарының арасында полиция мен әскери салада қызмет атқарғандар да бар. Бала кезде сол кісілерге қатты еліктейтінмін. Оған қоса, Алматыдағы көрші тұрған полицияның тапанша қабын тексеріп, формасын киіп жатқанына қызыға қарап, "Мен де осы кісі секілді полицей болсам ғой!" деп армандап, қиялға берілетінмін. Есейген соң бұл істі шындап қолға алу кеш емес екенін өзіме үнемі айтып жүрсем де, әркез кейінге қалдыратынмын”, – дейді Данияр.
Ол кәсіпкерліктен қол үзген соң сол арманды мақсатқа айналдыратын кез келгенін түсініп, полиция академиясында оқуға түсуге бел буады.
"Академияға оқуға түсу" деп айта салу оңай, негізінен сол академияға қабылдану үшін өте күрделі байқаудан өтуің қажет. Онда бір орынға 15 адам таласады. Алдымен есте сақтау, байқампаздық қабілетін тексеретін тестілеуден өтіп, соңында психологиялық тест тапсырдым. Емтиханнан жоғары балл алған соң, физикалық емтиханнан өттім. Біраз салмақтан сол кезде арылдым (күліп). Негізі, үміткерлердің басым көпшілігі психологиялық және физикалық тестілеуден өте алмай қиналып, ақырында оқудан шығып тынды. Негізі, біз, қазақтар жан аямай күресе білген жауынгер, жылқы мінездес халықпыз ғой. Сол мінез, сол дала өмірінің дағдысы қиын тапсырмаларды орындап, қауіпті сынақтардан өтіп, түрлі қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді. Сол себепті полиция қызметкерлері қатарына қосылу үшін барымды салып, тырысып бақтым. Жалпы айтқанда, полиция департаментіне жұмысқа тұру үшін 4 жыл уақытым кетті”, – дейді Данияр Нұртаза.
Құқық қорғау саласы қызметкерінің Бруклин ауданындағы метрода аяғы ауыр әйелді босандырып алуға көмектескені туралы америкалық және қазақстандық БАҚ жарыса жазған болатын. Бірақ Данияр көпшіліктен мұны ерлік деп санамауын өтініп, бар болғаны азаматтық парыз деп түсінуі қажет екенін айтты.
“Мен мұны көпшілік айтып жүргендей ерлік деп есептемеймін. Мұндай жағдайда кез келген адам менің орнымда болса, дәл осындай қадамға барар еді. Жалпы бұл – өте сирек кездесетін жайт. Сол кезде метростансасындағы патрульдеу бекетінде тұрғанмын. Диспетчер рациядан стансада аяғы ауыр әйелдің толғағы келгенін айтып, барып көмектесуімді сұрады. Метро аймағы үлкен болғандықтан, оны іздеу біраз уақыт алды. Іздеп жүргенде жедел жәрдем қызметкерлерінің Нью-Йорктегі ұзын-сонар кептеліс салдарынан метроға тез арада келе алмайтынын түсіндім. Бізге академияда баланы босандырып алу үшін не істеу керек екенін үйреткен болатын. Метродан көшеге шыққанша сол нұсқаулықтарды еске түсіруге тырыстым. Көшеге шықсам, көмекке шақырылған фельдшер жігіт те әлгі әйелді таппай жүр екен. Бір мезетте айқайлап, көмек сұраған әйелдің дауысын естідік. Әлгі әйел емханаға бара жатса керек, бірақ толғағы қысқан соң, пойыздан түсіп қалып, сол маңда орналасқан құрылғыдағы Help батырмасын басқан. Көмек келгенше шыдамай, далаға қарай көтеріліп, такси ұстамақ болыпты. Сөйтіп фельдшер екеуіміз баланы аман-есен босандырып алуға көмектескеніміз бар”, – дейді полицей.
Сондай-ақ ол Нью-Йорк полициясында Димаш Ниязовпен жұмыс барысында кездесіп тұратынын жеткізді. Одан бөлек, Данияр оның шаршы алаңда өткізген барлық кездесуіне барып, жанкүйер болатынын айтты.