Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіл үйренгенің үшін айына 300 мың теңге төлейді": Канадаға отбасымен көшкен қазақ қызы елдің мәдениеті, шетелдегі қазақтар жайлы

Осыдан бір жарым жыл бұрын Қазақстаннан көшкен жерлесіміз Мадина Байтореева Канаданы тұрғылықты жері еткен. Айтуынша, мекенін ауыстыру үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Мадина өзінің және қазақстандықтардың не себепті көшетінін, Канаданың мәдениеті мен елдегі қазақ диаспорасы немен айналысатынын айтты.  

 Мадина, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз, немен айналысасыз? Қайда оқыдыңыз?

 Түркістан облысы, Леңгір қаласының тумасымын. Ал оқуға түсіп, жұмыс істеген қалам - Алматы. Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқыдым. Өмір жаңа мүмкіндік беріп, жанұямызбен Канаданың Квебек деген провинциясында тұрып жатырмыз. Квебек провинциясында басты және маңызды тіл - француз тілі болғандықтан, мен бір жылға созылатын француз тілін меңгеру курсынан өтіп жатырмын. 

 Канададағы өміріңіз жайлы айтып берсеңіз, осы елде тұрып  жатқаныңызға қанша болды?  Елдің ұнаған және ұнамаған тұстары қандай? Сіз әлі үйреніспеген нәрселер бар ма? 

 Шын мәнінде, өзге елге көшеміз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Бұл туралы ешқашан ойламағанбыз және жоспарымызда болмаған. Әрине, саяхаттап, өзге елді көру жайында жиі армандайтынбыз. Жолдасым күтпеген жерден жұмыс ұсынысын қабылдап, көшуге шешім қабылдадық. Канадада тұрып жатқанымызға бір жарым жылдан асты. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Күнделікті өміріміз қарқынды өтуде. Отбасымызда екі ұлымыз бар: үлкеніміздің есімі - Әбіш (6 жаста) жергілікті мектепке барады, кіші ұлымыз Димаш (3 жаста) балабақшаға барып жүр. Біз үшін алғаш көшкен жыл қиын болды: жаңа ел, орта, тәртіп, таныстар, басқа әлем, бәрі үйреншікті емес, әрі түсініксіз. 

Канаданың ұнаған тұстары:

1. Қауіпсіздік пен қарапайым өмір сүру салты. Қылмыстың деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда өте төмен. Ұрлық және қылмыс болып тұрады, бірақ өте сирек.

2. Халыққа әлеуметтік көмек жоғары деңгейде көрсететіледі. Балаларға 18 жасқа дейін мемлекет жәрдемақы төлейді. Оны отбасының орташа жалақысына қарап есептейді. Тіпті, үй-жайы жоқ көшеде жүретін адамдарға да жәрдемақы төленеді. Осындай жолмен қылмыстың деңгейін көбейтпеуге тырысатын шығар. Сондай-ақ, пандемия басталғанда 4 ай бойы жұмысын жоғалтқандарға айына $2000 төлегенін айта кету керек. Қысқасы, кедейлікке ұшырауға жол бермейді. 

3. Әйел адам мен кәмелетке толмаған бала құқығы қорғаусыз қалмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер қорғауға алынып, кінәлілер Қылмыстық кодекс бойынша түрмеге отырғызылады. Балабақшаларда балаларды тоқпақтап ұру, немқұрайлы қарау деген жоқ. Өйткені біреудің баласына қол ұшын тигізген адам заң бойынша жаза алатынын біледі. 

4. Жануарларға қатыгездікпен зомбылық жасайтындар да жазаланады. Канадада, үй жануарларына аса мейіріммен қарайды. Үйде жануар ұстағаны үшін адамдар салық төлейді: мерзім сайын екпе салдырады, көшеде жай жүретін ит-мысықтар кездеспейді. Жануарларды қинайтын адамдарды “қоғамның құрттары” деп санайды. 

5. Жемқорлықтың жоқтығы. Жүргізуші куәлігін сатып алу деген жоқ, бәрі өз білімімен алады. Біз теориялық және практикалық тестті өзіміз тапсырып, көлік айдау құжатын алдық. Қай жерде болмасын, ешкім дәмеленіп ақша сұрамайды. Адамдар белгілі бір тәртіп және ережемен жұмыстарын тындырады. Ал егер, полиция қызметкеріне “ақша” ұсынатын болсаңыз, онда айыппұл төлетуі немесе түрмеге әкетуі де мумкін.

 
Ұнамайтын тұстары: 
1. Марихуана заңдастырылған (18 жастан кейін);
2. ЛГБТ өкілдерін қолдауы және пропаганда жасайтыны;
3. Канада - иммигранттарға өте толерантты ел, бірақ әртүрлі иммигранттар бар: жақсысы да, жаманы да. Қоғамның дамуына кедергі жасап, мемлекеттен жәрдемақы алып жұмыс істемейтіндер жеткілікті. 
4. Біздің біліміміздің Канадада ескерілмейтіні. Жаңадан оқу керек. Бұл жаңа өмірді ең басынан бастау дегенді білдіреді. 
5. Медицина тегін болғандықтан кезекте тұратын адамдар өте көп. Осы жағынан шаршайтын сәттер болады.

– Қазір Қазақстаннан көшіп жатқандардың саны өсіп жатыр, оның себебі не деп ойлайсыз?
 Менің ойымша, қазақ, біріншіден, жемқорлықтан шаршағандықтан; екіншіден, балаларының болашағы үшін; үшіншіден, жарқын өмір сүруге талпыныс.

– Канадада сізді таңғалдырған 3-4 жайт туралы айтып берсеңіз. Халқы, мәдениетінде қандай өзгешеліктер бар? Қазақтармен ұқсас мәдениеті, дәстүрлері бар ма?

- Мен үшін әлі үйрене алмай, таңқалатын нәрсе - адамдардың бір-біріне деген құрмет көрсетуі, сыйластығы, шыдамдылығы. Мысалы: қай жерде болмасын (дүкен, банк, дәріхана, аурухана) ұзын-сонар кезек күтіп тұрғандардың жанжалдасып ұрысқанын көрмеппін. Кәрісі болсын, жасы болсын, өз кезегін күтеді. 

– Қоғамдағы әйел рөлі мен оған қарым-қатынас жайлы не ойлайсыз? Канадалық әйелдер дискриминацияға ұшырай ма? Өз басыңыздан мұндай жағдайлар өтті ма?

 Жоқ, Канадада әйел адамы дискриминацияға ұшырамайды. Әйел адамның ер адаммен тең құқығы және дауысы бар. Әйелдер басқару органдарына келіп, қызмет атқарып, белсенді өмір сүреді. Өз басым әйелге қатысты дискриминацияның барын байқамадым. Мұнда ауыр техниканы айдаған әйелді көру қалыпты нәрсе. Олар өздерін ер адамнан кем санамайды. Оған қоса, көп компанияда әйелдерге жақсы қолдау көрсетеді, жаңа жобаларға ілінуге көмектеседі.

 Елдің климаты жайлы көп жағымды пікірлер айтылады. Канаданың экологиясы қандай? Адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасы ше?

–  Біз тұрып жатқан провинция - Квебек. Климаты жақсы, қысы Нұр-Сұлтан қаласына ұқсайды, бірақ қатты желді және суық емес. Жоғары ылғалды, өйткені жан-жағын мұхит қоршап жатыр. Ауасы таза, орманды кең даласы бар Канада әдемілігімен таңғалдырады. Менің 10 жылдық Алматыдағы аллергиям бұл жерде мазалауды қойды. Адамдар табиғатқа күтіммен қарайды. Жан-жақтан келіп жатқан иммигранттар құртпаса, жергілікті халық табиғатты сүйеді. Иттерінің артынан нәжісін жинап жүреді, итпен серуендеу паркі бөлек, итпен кіруге рұқсат етілмейтін саябақ бір бөлек. 

– Канадада қазақтар көп пе? Немен айналысады, қаншалықты ұйымшыл? Бір-бірлеріңізге көмектесесіздер ме?
– Біз тұрып жатқан провинциясында қазақтар аз. Бәлкім, мен білмейтін шығармын. Қазақ диаспорасында 100-ге жуық қазақстандық бар. Торонто қаласында қазақтар саны 600-ден асады деп естігенмін. Ванкувер қаласында да жерлестеріміз тұрады. Олардың барлығы ұйымшыл, көмек керек кезде қол ұшын беруге дайын. Табыс табу көзі әркімде әртүрлі. Қоныс аударғаннан кейін көбісі жаңа жұмыстан бастайды. Біздің жерлестер - өзгерістен қорықпайтын жандар. 

– Канада иммигранттар елі деп жатады. Бұл тұжырым қаншалықты рас? Иммигранттарға елде қандай жағдай жасалады?

– Иә, рас. Елде өзге ұлттар саны өте көп, бүкіл әлемнен жиналғандай. Қазақстан, Үндістан, Украина, Қытай, Гаити, Сирия, Нигерия, Молдова, Ресей, Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливия, Израиль, Италия, Испания, Филипин, Польша, Франция, Мексика, АҚШ, Словакия, Оңтүстік жәре Солтүстік Корея, Жапония, Беларусь, Словения, т.б. елдерден жиналған. 

Иммигранттарға қолдау көрсету шаралары бар:

1. Иммигрантарға француз тілін оқығаны үшін стипендия төлейді, айына - $752 (шамамен 314 мың тг). Тілді оқып, балаларымен үйде отыра алмайтын ата-аналарға балабақшаның шығынын қайтарады: мемлекеттік балабақша үшін күніне - $25, жекеменшік бақша үшін күніне $10 қайтарады.

2. Әлеуметтік жағдайы нашар иммигранттарға азық-түлік, киім береді;    

3. Қоныс аударғаннан кейін түрлі сұрақтар пайда болады, сондықтан иммигранттарға көмек беретін мекемелер жұмыс істейді, олар құжаттарды толтыруға көмектеседі.

3. Салық көлемі үлкен, бірақ әр жылдың наурыз айынан бастап “Салық декларациясын” тапсырғандарға мемелекет қаражаттың бір көлемін қайтарып береді. 

– Елде қандай жұмыс түрлері сұранысқа ие, халықтың басым көпшілігі немен айналысады? 

 – Ең сұранысқа ие жұмыс түрлері: инженерлер, программистер, құрылысшылар, медицина қызметкерлері, т.б. Негізі жұмыс түрлері өте көп.

 Елдің экономикасын қалай бағалайсыз? Елдегі орташа жалақы көлемі қандай?

– Елдің экономикасына пандемия айтарлықтай әсер етті деуге болады, өйткені мемлекет қазынасынан үлкен сомада қаражат бөліп жатыр. Дағдарыс бұл елді де айналып өтпеді. Осыған қарамастан мемлекет халықты қолдап отыруға тырысады. Ең төмен және орташа жалақыны атау қиын. Қаражаты әр түрлі деңгейде адамдар бар. 

– Фильмдерде, әзілдерде канадалықтарды өте мейірімді, қамқор етіп көрсетеді. Шын мәнінде қалай?

 Менің ойымша, Канадада мейірімді адам көп, сондай-ақ, халқы мәдениетті. Мүмкін бұл елдің әлеуметтік жағдайының жақсы екенінің белгісі шығар. Жайдары жүзді, жарқын жан көп. Жол беріп есікті ашып тұрады, жолда көлік жүргізушілері бір-бірін сыйластықпен өткізеді. Ал жедел жәрдем көлігі өте алмай тұрған болса, көлік жүргізушілері жол шетіне шығып өткізеді. Халықтың адамгершілік қасиеттері дамыған деп ойлаймын. 

 Алда қандай жоспарларыңыз бар? Қазақстанға қайтып ораласыздар ма? Отанға деген сағыныш болып тұра ма?

 Біздің жұмыс визамыздың мерзімі 2022 жылы бітеді. Дәл қазір, Канадада бәріне көңіліміз толады. Бұл кезеңді өмірлік жолымыздағы үлкен тәжірибе деп бағалаймыз. Уақыт көрсетер қалай болатынын, бірақ туған-туысымызды сағынамыз, қонаққа келіп тұруға тырысамыз. Отанға деген сағыныш бөлек, себебі Отан Ананың орны бөлек. Туған жер бәрібір ыстық, “адамның кіндік қаны тамған жер” мәңгі жүрегінде сақталатыны ақиқат. Десе де, әр адам өз таңдауын жасайды, ал елді-жер көру керемет мүмкіндік деп ойлаймын.

Талқылау