Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауған азаматы он жыл бойы Қазақстан елшілігіне өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай жүр

Ауғанстан азаматы Хамит Тадаш он жылдан бері Қазақстан елшілігіне өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап. 

Ер адам Қазақстандағы туыстарын табу үшін көмек керек екенін айтады. 

"Анамның айтуынша, 20 ғасырдың басында отаршылдық саясат күшейген кезде қазақтар қысымшылыққа ұшырап, әр жаққа кете бастаған. Негізінен Кіші жүздің таз руынан шыққан адамдар тұратын ауылда барлығы да шетелге көшіп кеткен. Атамның әкесі Ташмет Қырғызстанға көшіп келген. Ол қайтыс болғаннан кейін біздің атамыз Шермет жетім қалып, сол жерден Ауғанстанға көшеді. Осы елде өмір сүрдік. Мен Құндыз деген жерде дүниеге келдім", - деді Хамит. 

Оның екі ағасы уақыт өте келе Иранға кетіп қалады. Ал Хамиттің өзі 2002 жылы Кабул университетіне түсіп, түрік тілі мен әдебиетін оқиды. Бұдан соң Анкарадағы Гази университетінде білім алады. 2012 жылдан бастап Кабул университетінің шет тілдер факультетінде түрік тілінен сабақ береді. 

"2010 жылы Анкарада болған кезде мен Қазақстан елшілігіне тарихи отаныма оралғым келетінін айтып,  өтініш білдірдім. Олар бұл үшін Ауғанстандағы елшілік жауап береді деді. Ал Ауғанстандағы елшілік қазақ екенімді дәлелдеу үшін Қазақстанда туыстарым болу керек екенін айтты", – дейді ол. 



Хамиттің айтуынша, ол қазақ тілін өз бетінше меңгерген.

"Менің әкем осында өзбектермен араласқаннан кейін, осы тілде сөйлей бастады. Бірақ біздікі бәрібір басқаша болатын. Бірде мен тіліміздің өзбекшеден неге ерекшеленетінін сұрадым. Сол кезде анам біздің негізі қазақтар екенімізді, аталарымыз қиын кезеңдерде Қазақстаннан көшіп келіп, осында қалғанын айтты. Әр кез кіші жүздің таз руынан шыққанымызды айтып отыратын. Сол кезде туған тілімді неге білмеймін деген ой келіп, өз бетіммен үйрене бастадым. Қазақ тілінде көптеген кітаптар оқыдым. Бірақ Қазақстанға көшу туралы ниетім болмаған. Бұл менің ана тілім, оны жақсы көруім керек деп ойладым", – дейді Хамит. 

"Әкем ерте қайтыс болған. Анам және әйеліммен тұрамын. Бес балам бар. Балаларыма қазақша есімдер қойдым: Білге хан, Санжар, Атабек. Екі жыл бұрын білімімді кеңейтіп, Қазақстандағы аспирантураға түскім келді. Бірақ онда оқу қымбат. Бұдан соң Бішкектегі "Манас" қырғыз-түрік университетіне құжаттарымды тапсырып, "түркі тілдері" мамандығы бойынша онлайн оқыдым", – деп жалғастырды Хамит.

Ол Ауғанстанның Тахар деген провинциясында “қазақ” деп аталатын ауыл бар екенін айтты.

"Мен онда тұратын бірнеше қазақты білемін. Олардың көпшілігінің Ауғанстанға көшіп келгеніне ұзақ уақыт болған. Ал кейбіреулері жұттан қашқандардың ұрпақтары. Бірақ олар қазақ тілін білмейді", – дейді азамат. 

Хамиттің айтуынша, Ауғанстан қазір толығымен тәліптердің бақылауында.

"Үкімет жоқ, халықтың жағдайы нашар. Қалаға кіретін жолдар жабық, азық-түлік импортталмайды. Банктер де жабық, сондықтан адамдар жалақыларын ала алмай жүр. Мен жұмыс істеген Кабул университеті де жабылды. Тәліптерден ешкім жақсылық күтпейді. Қауіп сезімінен бір минутқа да арыла алмаймыз. Бұл жақтан тарихи Отаныма кеткім келеді", – деді ол.

Басылым Хамит Қазақстанға көшу үшін Қазақстанда туыстарын тауып, елшілікке оның қазақ екенін дәлелдеуі керек деп атап өтті. Ол кіші жүздің Байұлы тайпасының Тазы руынан шыққанын біледі. Оның әкесі – Шарафуддин, атасы – Шермет, үлкен атасы – Ташмет.

Талқылау