Маңғыстау облысында қуаңшылықтан 6500-ден аса мал өзге өңірлерге айдап әкетілген
Маңғыстау облысындағы қуаңшылықтың кесірінен шаруалар малдарын өзге өңірлерге айдап әкетіп жатыр. Шөлге ең төзімді деген түйенің өзі әлсіреп кеткен. Сондықтан шаруалар онсыз да аз қалған төрт түлігін аман алып қалу үшін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарының жайылым жерлеріне жеткізуде. Ал әкімдіктің ресми мәліметі бойынша, осы күнге дейін 6500-ден астам мал өзге өңірлерге өткізілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.
Маңғыстау облысының шаруалары көтерем болып, құр сүйегі қалған төрт түлігін амалсыздан басқа облыстарға айдап әкетіп жатыр. Өйткені малды қанша жемдесе де жерден жұлып жеген азықтың құнарындай болмайды дейді. Ауыл шаруашылық басқармасының ресми мәліметінде өңірден 2068 жылқы, 1033 сиыр және 209 түйе мен 3258 бас қой басқа облыстардың жайылымына кеткені көрсетілген. Десе де, бұл статистика лезде өзгеріп кетуі мүмкін. Себебі төрт түлік тиелген жүк көліктері Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарына күн сайын жіберіліп жатыр.
“Өтірік ешнәрсе жоқ бәрі рас нәрсе. Малдың қырылып жатқаны да рас. Былтыр да сондай жағдай болған. Биыл өте қиын жағдай, қатты қуаңшылық жағдай. Жауған жаңбырдан сірә пайда жоқ. Сондықтан май айында жылқыларымды түгелдей Оралға апарып тастадым”, – дейді кәсіпкер Шадрах Ермекбайұлы.
Шаруалар малдарын көрші облыстардың жайылымында қыс түскенше ұстайды. Өйткені, Маңғыстау облысының климатына үйренген төрт түлік басқа өңірдің қысына шыдай алмайды дейді. Ал басқармадағылар маусым айында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына маңғыстау шаруаларының малы үшін жайылымды қолдануға меморандум жасалғанын айтады.
Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылық басқармасының баспасөз хатшысы Аллаберген Қонарбаев меморандум негізінде төрт түлік малдарды жайылымы мол жерлерге шоғырландыруға мүмкіндік пайда болғанын айтады.
“Өңірімізде қалыптасқан құрғақшылық әсерінен жайылымдарда көп жылдық шөптер көктемеу салдарынан басқа облыстарға жайылымдарға малдарын тасымалдауда”, – дейді ол.