Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жедел-жәрдем қызметкерлері наразылыққа шықты: Үстемақы талап еткен олар басшылықтан қысым көрген

Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, маусым айына төленетін үстемақы әлі қолына тимеген. "Онсыз да қауіптің ортасында жүрміз" деген қызметкерлер бұдан былай науқастан коронавирус анықталған кезде ғана үстемақы төленеді деген тәртіпке қарсы екендерін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.


Үстемақы мәселесі әбден қажытқан жедел жәрдем қызметкерлері жұмыстың жайын жиып қоюға мәжбүрміз дейді. Басын қатерге тіге жүріп, адал еңбегін даулағандар өткен маусым айына берілетін қосымша ақы әлі қолына тимегенін айтады. Оған қоса жиналғандар бұдан былай науқастан коронавирус анықталған кезде ғана үстемақы төленеді деген жаңа тәртіпке қарсылық білдірді.

“Президент бөлген үстемақының екі ортада жоқ болып кетіп тұрғанын білмейміз. Сол үшін жиналып тұрмыз. Бұйрық шықты дейді, коронавирус деген диагнозбен төлейміз деген.  Бірақ бұйрықты сұрасақ, бере алмай тұр”,- дейді жедел-жәрдем дәрігері Айбек Сабынжанов. 

“Мен жансақтау бригасында істегенмін. Сол жерде үстемақы бойынша төленбейді деп, 130 мың теңге ғана төледі. Біз ол туралы шу көтерген жоқпыз, жарайды деп үндемедік. Енді тағы осы мәселе. Ол бұйрық негізі емхана бұйрығы, жедел жәрдемге еш қатысы жоқ. Осы мәселе бізде. Үстемақыны уақтылы ала алмадық”, – дейді фельдшер Жазира Таубазарова.

Жедел жәрдем қызметкерлері басшылық қарамағындағыларға қолдау танытпақ түгілі, бас көтергендердің соңына шам алып түсетінін айтады. Тіпті  араларында қысымға шыдамай жұмысымен қош айтысқандар да бар екен.

“Қыспаққа алынып жатырмыз. Қазір медиктер де қосылғаны үшін қыспаққа алынып, басшыларынан қысым көріп жатыр. Ербол Жақсылықұлы деген кісі. Қазір алдынан өттік. - Ол кісінің қызметі кім? - Жедел дәрдем директоры. Сол кісінің алдынан өткенде айтты: "барсаңдар барыңдар, мен ешкімнен қорықпаймын" деді”,- дейді жедел жәрдем жүргізушісі Кенжеболат Есімсейітов. 

Басшылықтан күдерін үзіп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келген қызметкерлер сан сауалдың жауабын кімнен сұрарын білмейді. Өйткені үстемақы туралы дау туындаса, жетекшілері осы мекемеге жөн сілтейтін көрінеді.  Алайда филиал директоры бұл ұйымның аталған мәселеге қатысы жоқ екенін айтады.

“Жедел жәрдем жетекшілері бізге сілтеп жатса, ол өрсекел қателік. Қала бойынша өңірлік комиссия бар. Осы үстемақы төлеуді қорытынды шағарып, хаттама толтыратын, сол хаттаманың негізінде үстемақы алатаны қызметкерлердің тізімін жасап береді. Осы комиссияның хаттамасына сәйкес, біз тек ақшасын аударып береміз”,- дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев. 

Ашулы топтың жанайқайы үдегенде Алматы қаласы медициналық жедел жәрдем қызметінің директоры Ербол Сәрсенбаев та да төбе көрсетті.

"Барлық аймақта талап бірдей" деген басшының пайымынша, қызметкерлердің базынасы негізсіз. Тіпті әкімдікке барамыз деп шулаған жұртты заңсыз митинг өткізуге болмайды деп бір тықсырып қойды. Бірақ, бүгін үстемақы төленеді деген ол жаңа тәртіптен аттай алмаймыз дейді.

Ербол Сәрсенбаев, Алматы қаласы медициналық жедел жәрдем қызметінің директоры: 

“Мамырда толық алды. Маусым айы үшін бүгін алуы керек. Болды. Жаңа Тілеухан Шілдебаевич бәрін түсіндіріп айтып берді”,- деді ол.

-Маусым толығымен төлене ме? - Тек қана коронавирус жағдайы расталғандар.  

Алайда өткен айдың уәдесі тағы созылып кете ме деп сезіктенгендер соңына дейін күресеміз дейді. Тіпті басшылықтың сөзіне қанағаттанбаған қызметкерлер алдағы күндері сотқа жүгініп, істің ақ-қарасын ажыратпақшы.

Талқылау