Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда ашуға бұлыққан жұмысшылар жолды жауып, наразылыққа шықты

Атырауда қала жолдарын жаңартып жатқан "Атырауинжстрой" компаниясының қызметкерлері жұмыстарын тоқтатты. Ашуға булыққан азаматтар жалақыны көтермей техниканы орнынан қозғалтпаймыз деп наразылық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Онсыз да еңбек келісімшартын көрсетпей қаншама жыл жұмыс істеткен компания ең болмағанда айлығымызды уақытылы төлесін деп отыр. Бұл Атырау қаласының жолдарын жаңалап жатқан "Атырауинжстрой" компаниясының жұмысшылары. Олар құрылыс жұмыстарын тоқтатып, техникаларын тура жол үстіне қойып наразылыққа шықты. Айтуларынша, жылдар бойы еңбек келісімшартын көрмеген. Ал қолға алатын жалақылары мардымсыз. Оның өзін уақытылы алмаймыз дейді ашынған топ.

“Еңбек шарты жоқ ешкімде, жұмысқа келгенде ешкімге берілмейді. Еңбекақымыздың қанша екенін білмейміз. Қалай төлейтінін білмейміз. Түсінбейміз. Оклад дейді, то обьем дейді. Түсінбейміз не екенін?”, – дейді жұмысшы Нұрлан Марданов. 

“2013 жылы кірдім сол жылы 180 мың еңбекақы алсам, қазір 2021 жылы әлі сол ақы. Бұл заманда бәрі қымбат. Бензин, нан бәрі де қымбатшылық. 180 мың еңбекақы кімге жетеді?”, – дейді жұмысшы Ринат Займурзиев. 



Компания қаладағы үш шақырымға жуық көшені жаңарту үшін Атырау облысы құрылыс басқармасынан 1 миллиард теңгеден астам сомаға тапсырыс алған. Мұнда үш жүзге жуық жұмысшы бар. "Атырауинжстрой" компаниясының бас директорының айтуынша еңбекақының кешігуіне бюджеттен кезекті қаржы бөлінбей жатыр. Ал қарауындағы жұмысшыларының еңбек шартының жоқтығын білмейді екен.

“Ақша бізде байланысты емес. Ол ақшаның барлығы әкімшілікке байланысты. Ал договор туралы білмей тұрмын, неге жоқ екенін? Оны білейік”, – дейді "Атырауинжстрой" компаниясының бас директоры Әділбек Нұрлығожиев. 

Бас директор жұмысшыларына еңбекақыны көтеремін деп уәде етпеді. Ал кешіккен жалақы мәселесі бірер күнде шешіледі деп сендірді.

Талқылау