Қазақстанда вакцинаны төгіп тастап, жалған төлқұжат сатқан дәрігерлер ұсталды
Нұр-Сұлтанда, Ақмола мен Алматы облыстарында жалған вакциналау төлқұжатын жасаған медицина қызметкерлері ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Еліміздің үш өңірінде вакциналау төлқұжаттарын сатқан медицина қызметкерлері ұсталды. Олар екпе салдырмаған адамдарға құжат берген. Ал вакцинаны төгіп тастаған. Осылайша, халық денсаулығын пайда табу көзіне айналдырды. Бюджет ақшасы болса, желге ұшып жатыр. Сонда жалған төлқұжат алған адамдар біздің арамызда жүр. Олар халықтың денсаулығына қауіп төндіреді ғой", – деді Ахметжанов агенттіктің алқа мәжілісінде.
Ресми мәліметке сәйкес, заң бұзған дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ Ақмола және Алматы облыстарында ұсталды.
-
Жалған вакцинация төлқұжатын жасатқан қазақстандықтар қандай жазаға кесіледі
-
30-40 мың теңге: Қазақстандықтар вакцина төлқұжатын сатып алуда
Бұдан бөлек, пандемиямен күрес шараларына бөлінген қаржыны жұмсауға қатысты 104 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды. Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, медициналық құрал-жабдықты сатып алу кезінде бюджет қаржысын жымқыру әрекеттері әлі күнге дейін тыйылмай тұр.
"Шымкент қаласында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мырзақұлов медициналық техниканы тым жоғары бағамен сатып алу фактісі бойынша сотталды. Бюджетке 1,5 миллиард теңгенің шығыны келді. Дәл сондай фактілер Маңғыстау облысында анықталған болатын. Ол жақта денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жаманбаев сотталды", – деп атап көрсетті Ахметжанов.